2022 жылдың 3 наурызында табиғи қауіп-қатерлер зертханасының қызметкерлері Іле Алатауындағы қар көшкіні қаупін аэровизуалды зерттеуге қатысты. Зерттеуді Қазселденқорғау тікұшақ арқылы жүргізді. Маршрут Ұзын Қарғалы, Шамалған, Қаскелең, Ақсай, Қарғалы, Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Талғар, Есік, Түрген өзендерінің бассейнімен өтті. Тексеру барысында қар жамылғысының жай-күйі, көшкін түсу іздері байқалды және көшкін қаупінің деңгейіне баға берілді. Жалпы Іле Алатауы бойынша 2000 м-ден жоғары көшкін қаупінің орташа деңгейі байқалады. Үлкен көшкіндер байқалмады. Солтүстік және шығыс беткейлерде көптеген ұсақ және орташа көшкіндер байқалады. Алайда, қар жамылғысының тұрақсыз жағдайына байланысты шаңғышылар мен туристер үшін көшкін қаупі бар. Зерттеу нәтижелері көшкін бюллетенін жасау кезінде пайдаланылды.