ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕР ХАЛЫҚОВ Е.Е. 2018 Ж. 16-СӘУІР МЕН 15-МАМЫР АРАЛЫҒЫНДА М.В. ЛОМОНОСОВ АТЫНДАҒЫ МӘСКЕУ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНДЕ (РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫ, МӘСКЕУ Қ.) ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ТАҒЫЛЫМДАМАСЫНАН ӨТТІ.

Еркебулан _Москва1Ғылыми қызметкер Халықов Е.Е. 2018 ж. 16-сәуір мен 15-мамыр аралығында М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде (Ресей Федерациясы, Мәскеу қ.) ғылыми-зерттеу тағылымдамасынан өтті.

Тағылымдаманың негізгі мақсаты Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы кешенді картографиялау зертханасы мен «АртГео» компаниясының теориялық, әдістемелік және технологиялық жетістіктерін зерттеу, ГАЖ-технологиясын пайдаланудың тәжірибелік дағдыларына үйрену, университет кітапханасында ғылыми және патенттік әдебиеттерге жалпы шолу жасау, сонымен қатар шетелдік ғылыми кеңесшімен тікелей қарым-қатынас жасау мүмкіндігі болып табылды.

Дәрістер мен тәжірибелік сабақтарға қатысты. Жыралық эрозияны зерттеу мен жыралық типтегі бедердің қалыптасуын зерттейтін жаңа әдістер бойынша университет кітапханасы қорынан мәліметтер жиналды. Ғылыми мақала жарияланымға берілді (Мәскеу университетінің Хабаршысы журналы, 5-серия, География). «АртГео» компаниясында алыс қашықтықты Riegl VZ-4000 лазерлік сканерінде жер үсті лазерлік сканерлеу бойынша дағдылар алынды және RiSCAN PRO бағдарламасында мәліметтерді өңдеу бойынша тәжірибелік сабақтар өтілді. Жыралардың мониторингтік үлескілерінде Riegl VZ-4000 лазерлік сканерімен алынған нүктелік бұлттар түріндегі далалық зерттеу деректері RiSCAN PRO бағдарламасының көмегімен өңделді.

Сандық ақпаратты беретін бедертүзуші үдерістерді тіркеу мен олардың дамуын бағалау әдістерінің біріне жер үстілік лазерлік сканерлеу әдісі жатады. Ол жергілікті жер бедеріндегі өзгерістерді, денудация мен аккумуляция үдерістерін сипаттап, өте нақты көрсететін үш өлшемді мәліметтерді оперативті түрде алуға мүмкіндік береді.

Жыралар Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Жетісу Алатауы тауы мен оның тау алды аумақтарында кең таралған бедердің деструктивті формаларының бірі болып табылады. Сканерлік құралдың көмегімен жыралық эрозияның динамикасын бағалау бойынша жұмыстар далалық және камералдық кезеңдерден тұрды. Далалық жұмыстар 2017 ж. жүргізілді. RIEGL VZ-4000 үшөлшемді лазерлік сканері пайдаланылды. Жыралық эрозияға бақылау жасауға Мұқыр өзені аңғарында 2 жыра таңдалып алынды. Жыралық эрозияны сандық және сапалық бағалау үшін алғаш рет жыраға сканерлеу жүргізілді. Әрі қарай жыраларды қайталап сканерлеу мен сканерлеу нәтижелерін камералдық өңдеуден жыралық эрозияның өзгерістерінің егжей-тегжейлі көрсеткіштерін алу күтілуде. RiSCAN PRO бағдарламасында нүктелік бұлттар түріндегі сканерлеу нәтижелерін өңдеудің бастапқы кезеңінде биіктік белгілері, жыралардың көлденең және бойлық қималары (1, 2-суреттер) бойынша бедердің сандық үлгісінің жіктемелерін алынды.

Алынған нүктелік бұлттар түріндегі жыралардың үшөлшемді мәліметтері келесі бақылаулар үшін бастама болып табылады. Орындалған жұмыстардың нәтижелері болып жыралардың өсуінің сандық морфометриялық деректері табылады. Жыралық эрозияның қарқынды дамуы аймақтағы табиғи-антропогендік ортадағы экологиялық шиеленістің артуына әкеледі.

Слайд1