АПАТТЫ СЕЙІЛТУДЕ ҒЫЛЫМИ СҮЙЕМЕЛДЕУГЕ ДАЙЫНБЫЗ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өткен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында ғылымның әлеуетін табиғи апаттарды болжауда барынша пайдалану маңызды екенін атап өтті. Осы орайда біз География және су қауіпсіздігі институтының басшысын сөзге тарттық.

– Ахметқал Рахметуллаұлы, қазіргі болып жатқан су тасқындары бойынша не айтуға болады?

– Бүгінгі таңда мемлекет табиғи апаттың салдарын еңсеру бойынша қабылдап жатқан кешенді шаралар зардап шеккен өңірлердің тұрғындарынан түсіністік пен бүкіл қазақстандық қоғамынан қолдау тауып жатыр.

Осындай табиғи апаттар бүкіл әлемде орын алуда. Әр ел әр түрлі дайындық деңгейінде су тасқыны құбылыстарымен күреседі.

Біз осыдан сабақ алып, түзетулер жасап және ерте ескерту жүйесін енгізу, қауіпті су тасқыны құбылыстарының пайда болу, әсер ету қаупін бағалау және азайту мақсатында іс-шараларды іске асыру бойынша ресурстарды жұмылдыру маңызды. Қойылған міндеттерді шешу бойынша ғылыми негіздеме қажет.

Жүйелі шешімдер қабылдаудағы маңызды қадам Қазақстан Республикасының жаңа су ресурстары және ирригация министрлігін құру болды.

Су ресурстары мен су шаруашылығы бойынша білікті мамандардың тапшылығына назар аудару қажет. Жоғары оқу орындары сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім беру бағдарламаларының мазмұнын қайта қарауы керек, осыған байланысты әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Құрлық гидрологиясы» кафедрасын қайта жаңғырту қажет, ал мемлекетке - оларға материалдық-техникалық қамтамасыз етуге және жаңа зертханалар ашуға көмек көрсету қажет.

2023 жылы 8 жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу институттары (ҚазҰАЗУ, Дулати атындағы ТарМУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰЗТУ, География және су қауіпсіздігі институты, Су шаруашылығы ҒЗИ, У.М. Ахмедсафин атындағы  Гидрогеология және геоэкология институты, Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығы) су қауіпсіздігі мен су ресурстарын басқарудың өзекті мәселелері бойынша бірлескен зерттеулер жүргізу үшін Консорциумға біріктірілді.

– Ахметқал Рахметуллаұлы, өзіңіз білетіндей, қазір еліміздің көп бөлігін су басты. Сіз басқарып отырған су қауіпсіздігі мәселелерін зерттеумен шұғылданатын институттың, ондағы ғалымдардың қазіргі күрделі мәселені шешуде өз әлеуетін пайдаланатын сәт туып тұрғандай. Институт қазір немен айналысып жатыр?

– Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ Үкіметтің қаулысымен 2019 жылы ең көне академиялық ғылыми-зерттеу мекемелерінің бірі саналатын География институтының базасында құрылды. Институт қызметінің негізгі бағыттары мемлекет пен қоғам тарапынан сұранысқа ие төрт блокты қамтиды: су ресурстарын бағалау және болжау, қауіпті табиғи экзогендік процестерді бағалау және болжау; республиканың табиғи-ресурстық әлеуетін бағалау; цифрландыру, атласқа және web-картаға түсіру. Институттың зерттеу нәтижелері белгілі және сұранысқа ие. Еліміздің орнықты дамуы үшін су ресурстарының өте өзекті маңызын және одан келетін қауіпті ескере отырып, институт су ресурстары мен табиғи қауіптер бойынша жұмыстардың нәтижелерін ұсынады. Институт дәстүрлі түрде селдерді, көшкіндерді, қар көшкіндерін және таудың опырылуын зерттеумен айналысады. Бұл зерттеулердің нәтижелері кеңінен танымал және тәжірибеге енгізілген. 

– Нақты нәтижені айта аласыз ба? Институт осы су мәселесіне қатысты қандай зерттеулер жүргізді? Қорытындысы қандай?

– Институт су серіктестерінің қатысуымен «Су ресурстарын бағалау, климаттық және антропогендік шартты өзгерістер жағдайында Қазақстанның табиғи суларын пайдалану болжамы» тақырыбында ірі пәнаралық бағдарламасын әзірлеп, орындады. Зерттеу нәтижелері бойынша республикада кеңінен қолданылатын «Қазақстанның су ресурстары: бағалау, болжау және пайдалану» атты 30 томдық монографиясы жарияланды. Қазақстанда барлық су мәселелерін және оны шешу жолдарын қамтитын осындай кешенді зерттеулер бұрын жүргізілген жоқ. Осы бағдарламаны орындау барысында институт егемен Қазақстан үшін алғаш рет халықты және экономика салаларын тұрақты сумен қамтамасыз ету стратегиясын әзірлей отырып, су қатерлерін сәйкестендіру негізінде су қауіпсіздігінің бірегей тұжырымдамасын әзірледі. Бұл тұжырымдама жаңа су парадигмасы – «сұранысты» басқару мен «ресурсты» басқарудың үйлесімі, жүйелік міндеттерді, нысаналы индикаторларды, түйінді іс-шараларды қамтитын іс-қимыл бағдарламасы негізінде дайындалды. Аталған тұжырымдама Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 19 қарашадағы тапсырмасына сәйкес «Қазақстан Республикасының су қауіпсіздігі: Арал-Сырдария трансшекаралық алабы» ірі Пәнаралық ғылыми-техникалық бағдарламасын орындау кезінде іске асырылды. Бағдарламаны сәтті орындау үшін мақсаттар, міндеттер және орындалу нәтижелері бойынша жүйеішілік ақпараттық байланыстар арқылы біріктірілген 9 тәуелсіз кіші бағдарламаның модульдік құрылысы тұжырымдамасы ұсынылды. Осыған байланысты бағдарламаның тақырыптық тапсырмалары тұрғысынан алғаш рет келесі нәтижелерге қол жеткізілді: аймақтық климаттың өзен ағындысының өзгеруіне әсері анықталды; 2030, 2040 және 2050 жылдарға арналған үш сценарий бойынша ағындысының болжамды нормадан азаюы анықталды; мұздықтардың ауданы бойынша жылына 0,74%-ға және көлемі 1%-ға қысқаруы белгіленді; шекарадан ағып жатқан ағындының жартысынан көбі суару алқаптарынан шығатын қайта өңделген лас судан тұратыны анықталды. Барлық параметр бойынша судың құрамындағы зиян заттардың мөлшері Кіші Аралға қарай көбейе береді.

– Арал-Сырдария алабы дедіңіз ғой, Қызылорда облысында суды өте көп қажет ететін күріш алқаптарын азайту жұмыстары біраз жылдан бері жүргізіліп келеді. Сырдарияның суын үнемдеудің ғылыми негізделген тағы қандай жолдары бар?

– Институт жүргізген зерттеулердің нәтижелері көрсеткендей, Арал-Сырдария алабы бойынша, оның ішінде Қазақстан аумағында су ресурстары өте тиімсіз пайдаланылады. Суарудың жоғары деңгейі, магистральдық арналарда судың жоғалуы байқалады. Суды үнемдеу мүмкіндігі бар. Біз имитациялық математикалық модельдеу әдіснамасын пайдалана отырып, 2050 жылға дейінгі кезеңге су ресурстарының есептік уақытша кезеңдерге өзгеруі жағдайында Сырдария өзенінің трансшекаралық алабының халқын және экономикасын тұрақты сумен қамтамасыз етудің перспективалық сценарийлерін әзірледік. Сырдария өзенінің трансшекаралық алабын (Қазақстан бөлігі) сумен қамтамасыз ету жүйелерін дамытуды стратегиялық жоспарлау саласында су қауіпсіздігі критерийлері бойынша бағалаумен шешімдер қабылдауды қолдау құралы (Имитациялық динамикалық-стохастикалық модель) құрылды. Цифрлық динамикалық-стохастикалық модельдеу технологиясын пайдалана отырып, жүйелі талдау негізінде шекаралас Орталық Азия мемлекеттерінің аумағындағы климат пен шаруашылық қызметтің өзгеруіне байланысты өзен ағындысының өзгеруінің әртүрлі сценарийлері кезінде трансшекаралық Арал-Сырдария алабында Қазақстан Республикасының халқын және экономикасын тұрақты сумен қамтамасыз ету бойынша ғылыми-негізделген ұсынымдар әзірленді. Ұсынымдар мемлекетаралық су бөлу, су шаруашылығы инфрақұрылымын жетілдіру (өзен ағындысын аумақтық бөлу және реттеу), суармалы егіншілікті қарқындату, өзен атырауын суландыру, Солтүстік Арал теңізін сақтау мәселелерін қамтиды. Осы зерттеу нәтижелері бойынша алғаш рет Арал-Сырдария алабы бойынша 9 томдық монография дайындалып, басылым процесінде тұр. Мамыр айының ортасында Институт Қазақстанның барлық суларын және уәкілетті билік ұйымдары өкілдерін шақыра отырып, дөңгелек үстел өткізуге ниетті.

– Бізде өзен-көлдер көп, теңізіміз де бар. Бірақ соған қарамастан су соншалықты жеткіліксіз бе?    

– Қазақстан үшін су шектеулі ресурсқа жатады. Барлық дерлік трансшекаралық алаптардың төменгі ағысында орналасқан ел трансшекаралық өзендердің жоғарғы бөлігінде орналасқан көршілеріміздің Су шаруашылығы саясатына қатты тәуелді. Су тапшылығының қалыптасуына аймақтық климаттық өзгерістер де әсер етеді. Өзен ағындысының ресурстары 1965 жылдан 2020 жылға дейін жылына 20-28 км3-ке, іс жүзінде Ертіс өзенінің ағындысының мөлшеріне азайғаны анықталды. Республиканың өзен ағындысының ресурстарын болжамды бағалау оптимизм тудырмайды. Антропогендік және климаттық өзгерістердің әсерінен олардың 2030 жылға қарай 9-ға, ал 2050 жылға қарай 19 км3/жылға азаюын күту керек. Бұл деректер Жалпы Дүниежүзілік Банктің қорытындысымен байланысты.

– Елдегі апаттық жағдайға қайта оралсақ, институт тасқынға қатысты қандай қызмет ұсына алады?    

– Су тасқынының шиеленіскен жағдайына байланысты Қазақстан өзендерінде апатты су тасқыны 50-100 жылда бір рет, ағымдағы су тасқыны жыл сайын болатынын атап өткен жөн. Институт қауіпті табиғи тәуекелдерді басқару тұжырымдамасын жасады. Бұл – әмбебап, оны су тасқыны қаупін азайтуға бағытталған ғылыми негізделген басқару іс-шараларын әзірлеудің негізі ретінде қарастыруға болады. Бір ай ішінде Батыс Қазақстан өңірінде экстремалды тасқын сулардың қалыптасу ерекшеліктерін және олардың әлеуметтік-экономикалық мақсаттағы объектілерге теріс әсерін барлау үшін институттың екі экспедициялық жасағы жұмыс істеді. Бұдан басқа, қазіргі уақытта 2 сарапшы-гидролог Атырау облысының су тасқынына қарсы штабында жұмыс істеп жатыр. Институт жергілікті атқарушы органдарға қауіпті гидрологиялық құбылыстардың зиянды әсерін азайту бойынша толық ғылыми сүйемелдеу көрсетуге дайын.  Бізде Алматы қаласы, Текелі қаласы және Алматы облысының әкімдіктерімен осы бағытта жұмыс істеу тәжірибесі бар.

Әңгімелескен

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»