Біздің еліміз, бүкіл Орталық Азия аймағы және әлем үшін су ең маңызды және ең құнды табиғи ресурстардың біріне айналуда. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ-ы 2024 жылдың 14 маусымында Алматы қаласында Қазақстандағы суы ең тапшы өзен бассейндерінің бірі Арал-Сырдария бассейніне арналған дөңгелек үстел өткізді.
Дөңгелек үстелдің мақсаты – уәкілетті мемлекеттік органдар мен қоғамды институттың жоғарыда аталған бассейндегі ірі салааралық ғылыми-техникалық бағдарламаны іске асыру нәтижелерімен таныстыру.
Бағдарлама бойынша жүргізілген зерттеулер 9 томдық монографияда жинақталған:
- Том I. Климаттың өзгеруі және экономикалық қызмет жағдайында Арал-Сырдария трансшекаралық алабында Қазақстан Республикасының су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ғылыми-қолданбалы негіздері;
- Том II. Аймақтық климаттың өзгеруі Арал-Сырдария трансшекаралық алабының су ресурстарын қалыптастыру шарттары ретінде;
- Том III. Қар-мұз ресурстары;
- Том IV. Өзен ағындысының ресурстары;
- Том V. Су ресурстарының сапасы;
- Том VI. Халық пен экономика салаларының су тұтынуы;
- Том VII. «Қазақстан халқы мен экономикасын су ресурстарымен тұрақты қамтамасыз ету» геопорталын дамыту»;
- Том VIII. Су ресурстарынның әлеуетін экономикалық бағалау;
- Том IX. Компьютерлік моделдеу әдістемесін пайдалана отырып сценарийлік талдау.
Монографияда зерттеу нәтижелерінің ғылыми-тәжірибелік жаңалығын бағалауға, алынған нәтижелердің болашақта пайдаланылуына, Қазақстан Республикасының Арал-Сырдария трансшекаралық бассейніндегі су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін шешу бойынша жақын және ұзақ мерзімді болашаққа берілген нақты ұсыныстарға ерекше назар аударылған.
Жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың тапырысы бойынша, Институттың ғылыми-зерттеу қызметіне жүйелі қолдау көрсететін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
Қазақстанның суы тапшы екі өңірі, Түркістан және Қызылорда облыстарының экономика салаларын және халқын тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін трансшекаралық су ресурстарының аса маңыздылығын ескере отырып, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Молдиярұлы Нұржігітов, негізгі төрт басқарма басшысымен бірге Дөңгелек үстелге қатысты.
Дөңгелек үстел жұмысына ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті төрағасы - Ғ.Ж. Жанқуатов, сондай-ақ: Төтенше жағдайлар және табиғи апаттар қаупін азайту орталығының басшылары – С.Г. Аубакиров; Ұлттық аграрлық ғылым академиясынынан, академик – Т.И. Есполов; Арал – Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы – К.А. Сәрсенбаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ҚазҰАЗУ, Гидрогеология және геоэкология институтының өкілдері және көрнекті су сарапшылары – Т.Т. Сәрсембеков, Рябцев А. Д., А. И. Тлеулесова және т. б. қатысты.
Дөңгелек үстелге қатысушылар зерттеу нәтижелерінің маңыздылығы мен өзектілігін атап өтті. Зерттеулер өте жоғары деңгейде жүргізілгенін, материалдардың бір-бірімен біріктірілген және нақты ұсыныстарды әзірлеуге бағытталғанын атап өтті. Осындай зерттеу жоспарын қолдау қажеттілігі туралы пікірлерін білдірді.
Министр Н.М. Нұржігітов әрбір баяндама бойынша сұрақтар қойды, түсініктемелер жасады, ұсыныстар берді, сондай-ақ, әріптестердің қатысуымен Институттың бірыңғай тұжырымдамалық негізде ірі пәнаралық ғылыми-қолданбалы бағдарлама орындағанын және зерттеу нәтижелерін Су шаруашылығы уәкілетті мемлекеттік органдарына беру керектігін атап өтіп, қорытындылады. Кеңінен талқылау нәтижелері бойынша Қарар (резолюция) қабылданды. Дөңгелек үстел жұмысының жан-жақты қорытындысын бағдарламаның ғылыми жетекшісі, «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ-ның Басқарма төрағасы, ҚР ҰҒА академигі А.Р. Медеу жасады. Ол Институт ұжымы атынан Дөңгелек үстелдің барлық қатысушыларына белсенді және жемісті жұмыстары үшін алғыс айтып, Ғылым және жоғары білім министрлігіне жеке ризашылығын білдірді.