Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы Қазақстан Республикасының 1998 ж. 22 сәуірдегі № 220-I Заңы

Источник: ИС ПАРАГРАФ, 26.02.2015 10:06:05

 

Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы
Қазақстан Республикасының 1998 ж. 22 сәуірдегі № 220-I Заңы

(2014.29.12. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

 

I-тарау. Жалпы ережелер (1 - 12 баптар)

ІІ-тарау. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті құру (13 - 22 баптар)

ІІІ- тарау. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталы (23 - 37 баптар)

IV-тарау. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің мүлкі (38 - 40 баптар)

V-тарау. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті басқару (41 - 60 баптар)

VI-тарау. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті қайта ұйымдастыру және тарату (61 - 69 баптар)

Түпнұсқада мазмұны жоқ

 

 

1-тарау. Жалпы ережелер

 

ҚР 16.07.99 ж. № 436-1 Заңына сәйкес 1-бап толықтырылды

1-бап. Осы Заңмен реттелетін қатынастар

  1. Осы Заң Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктердің құқықтық ережелерін, оларға қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін, серіктестіктердің құрылу тәртібін, қызметін, қайта ұйымдастырылуы мен таратылуын белгілейді.

2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді ( бұр. ред. қара)

  1. Шетелдің қатысуымен құрылатын жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктердің ерекшеліктері шетелдік инвестициялар туралы заң актілерімен белгіленуі мүмкін.

Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын не сақтандыру нарығының кәсіби қатысушылары болып табылатын жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктердің ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен белгіленуі мүмкін.

2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды

2-1. Мемлекеттің жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге қатысуы және оларды басқару ерекшеліктері «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалады.

  1. Қосымша жауапкершілігі бар серіктестікке осы Заңның ережелері қолданылады, өйткені осы Заңның 3-бабында өзгеше жағдай көзделмеген.

 

2-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік ұғымы

  1. Бір немесе бірнеше адам құрған, жарғылық капиталы құрылтай құжаттарымен белгіленген мөлшерде үлестерге бөлінген серіктестік жауапкершілігі шектеулі серіктестік деп танылады; жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар оның міндеттемелері бойынша жауап бермейді және серіктестіктің қызметіне байланысты зияндарға өздерінің қосқан салымдарының құны шегінде тәуекел етеді. Бұл ережеден ерекше жағдайлар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және осы Заңда көзделуі мүмкін.

Егер серіктестіктің құрылтай құжаттарында оның белгілі бір мерзімге немесе нақты бір мақсатқа қол жеткізу үшін құрылатыны көзделмесе, жауапкершілігі шектеулі серіктестік белгіленбеген мерзімге құрылған болып есептеледі.

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік заңды тұлға болып табылады.
  2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік өзінің міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі барлық мүлікпен жауап береді.

Серіктестік өз қатысушыларының міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

  1. Серіктестіктің жарғылық капиталға салымдарын толық енгізбеген қатысушылары оның міндеттемелері бойынша әрбір қатысушының салым енгізбеген бөлігінің құны шегінде ортақ жауапты болады.

3-бап. Қосымша жауапкершілігі бар серіктестік

  1. Қатысушылары серіктестік міндеттемелері бойынша жарғылық капиталға қосқан өздерінің салымдарымен, ал бұл сомалар жеткіліксіз болған жағдайда өздері енгізген салымдардың еселенген мөлшерінде өздеріне тиесілі қосымша мүлікпен жауап беретін серіктестік қосымша жауапкершілігі бар серіктестік деп танылады.
  2. Қатысушылар жауапкершілігінің шекті мөлшері жарғыда көзделеді.
  3. Қатысушылардың бірі банкрот болған жағдайда қосымша жауапкершілігі бар серіктестік міндеттемелері бойынша оның жауапкершілігі, егер құрылтай құжаттарында жауапкершілікті бөлудің өзгеше тәртібі көзделмесе, қалған қатысушылар арасында олардың салымдарына бара-бар бөлінеді.

4-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің фирмалық атауы

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің серіктестік атауын, сондайақ «жауапкершілігі шектеулі серіктестік» деген сөздерді немесе «ЖШС» деген аббревиатураны қамтуға тиіс фирмалық атауы болады. Қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктің фирмалық атауында тиісінше «қосымша жауапкершілігі бар серіктестік» деген сөздер немесе «ҚЖС» деген аббревиатура болуға тиіс. Серіктестік осындай фирмалық атауымен мемлекеттік тіркеуге жатады.

Серіктестіктің фирмалық атаудың қысқарған нысанын және оның шет тілдердегі баламаларын пайдалануға да құқығы бар.

  1. Шетелдің қатысуымен құрылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің фирмалық атауында оның құрылтайшыларының қай мемлекеттікі екені қосып көрсетілуі мүмкін.

5-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің орналасқан жері мен мекен-жайы

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің орналасқан жері деп оның тұрақты жұмыс істейтін органының орналасқан жері танылады.

2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)

  1. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк орналасқан жерiн ауыстырған кезде қажеттi өзгерiстердi Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгiзу үшiн серіктестік бұл жөнінде серiктестiктiң нақты мекенжайы бойынша заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын органға хабарлауға мiндеттi.

 

6-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құқықтық қабілеті

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік коммерциялық ұйым болып табылады, азаматтық құқықтары болады және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған кез келген қызмет түрін жүзеге асыруға қажетті, өз қызметіне байланысты міндеттерді атқарады.
  2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік тізбесі заң актілерінде белгіленетін жекелеген қызмет түрлерімен лицензия негізінде ғана айналыса алады.

7-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің филиалдары мен өкілдіктері

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік өзі орналасқан жерден тыс жерлерде Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (жалпы бөлім) 43-бабына сәйкес филиалдар құрып, өкілдіктер ашуға құқылы.

Серіктестік өзін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған органға өз филиалдарын құрғаны және өкілдіктерін ашқаны туралы, сондай-ақ олардың орналасқан жері туралы хабарлауға міндетті.

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің филиалдарын құру және өкілдіктерін ашу туралы шешімді, егер серіктестік жарғысында мұндай шешімдерді оның қатысушыларының жалпы жиналысы қабылдайтыны көзделмесе, серіктестіктің атқарушы органы қабылдайды.

ҚР 21.05.02 ж. № 323-II; 16.05.03 ж. № 416-II (бұрынғы ред. қара) Заңдарымен 8-бап өзгертілді

8-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтайшылары, сондай-ақ ол құрылғаннан кейін серіктестік мүлкінен үлеске құқық алған адамдар оның қатысушылары болып табылады.
  2. алынып тасталды
  3. Мемлекеттік кәсіпорындар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге мемлекет оның келісімімен уәкілдік берген орган арқылы ғана қатысушы бола алады.
  4. Мекемелер, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, меншік иесінің рұқсатымен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге қатысушы бола алады.

ҚР 16.07.99 ж. № 436-1 Заңына сәйкес 9-бап өзгертілді; ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 9-бап алынып тасталды (бұрынғы ред. қара)

10-бап. Бір қатысушыдан тұратын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құқықтық жағдайының ерекшеліктері

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жалғыз қатысушысы ретінде бір адамнан тұратын басқа шаруашылық серіктестігі бола алмайды.
  2. Бір қатысушыдан тұратын жауапкершілігі шектеулі серіктестікте қатысушылардың жалпы жиналысының құзыретіне жататын шешімдерді жалғыз қатысушы жеке-дара қабылдайды және олар жазбаша ресімделеді. Бұл жағдайда осы Заңның 44-50-баптарының ережелері қолданылмайды.

 

2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 11-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)

11-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың құқықтары

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар:

1) осы Заңда және серіктестік жарғысында көзделген тәртіппен серіктестік істерін басқаруға қатысуға;

2) серіктестік жарғысында көзделген тәртіппен серіктестіктің қызметі туралы ақпарат алуға, оның бухгалтерлік және өзге де құжаттамасымен танысуға;

3) серіктестік қызметінен осы Заңға, серіктестіктің құрылтай құжаттарына және оның жалпы жиналысының шешімдеріне сәйкес табыс алуға;

4) серіктестік таратылған жағдайда кредит берушілермен есеп айырысқаннан кейін қалған мүліктің бір бөлігінің құнын немесе серіктестіктің барлық қатысушыларының келісімі бойынша осы мүліктің бір бөлігін заттай алуға;

5) осы Заңда көзделген тәртіппен өз үлесін бөліп алу арқылы серіктестікке қатысуын тоқтатуға;

6) осы Заңда және (немесе) серіктестіктің жарғысында көзделген олардың құқықтарын бұзған серіктестік органдарының шешімдеріне сот тәртібімен дау айтуға құқылы.

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың осы Заңда және құрылтай құжаттарында көзделген басқа да құқықтары болуы мүмкін.

 

2005.08.07. № 72-IІІ (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 12-бап өзгертілді

12-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың міндеттері

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар:

1) құрылтай шартының талаптарын орындауға;

2) құрылтай құжаттарында көзделген тәртіпте, мөлшерде және мерзімде серіктестіктің жарғылық капиталына салымдар салуға;

3) серіктестік коммерциялық құпия деп жариялаған мәліметтерді жария етпеуге;

2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды (бұр. ред. қара)

4) серіктестікке қатысушылардың тізілімін жүргізген жағдайда осы Заңның 17-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген мәліметтердің өзгергені туралы атқарушы органға, сондай-ақ тіркеушіге жазбаша хабарлауға міндетті.

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қатысушылары серіктестіктің құрылтай құжаттарында, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде көзделген басқа да міндеттерді мойнына алуы мүмкін.

 

2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 12-1-баппен толықтырылды

12-1-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің үлестес тұлғасы

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің (бұдан әрі осы бапта - серіктестік) үлестес тұлғасы деп тікелей және (немесе) жанама түрде шешімдерді анықтауға және (немесе) бір-бірінің (тұлғалардың біреуінің) қабылдайтын шешімдеріне, оның ішінде жасалған мәміле негізінде ықпал ету мүмкіндігіне ие жеке немесе заңды тұлғалар (өздеріне берілген өкілеттіктер шеңберінде бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды қоспағанда) танылады.
  2. Мыналар:

1) құрылтайшылар, қатысушылар;

2) осы тармақтың 1), 3) және 9) тармақшаларында аталған жеке тұлғалардың жақын туыстары, зайыбы (жұбайы), зайыбының (жұбайының) жақын туыстары;

3) серіктестіктің немесе осы тармақтың 1), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 10) және 11) тармақшаларында аталған заңды тұлғалардың лауазымды тұлғалары;

4) осы тармақтың 1) тармақшасында аталған тұлғаның не серіктестіктің лауазымды тұлғасының бақылауында болатын заңды тұлға;

5) осы тармақтың 1) тармақшасында аталған не серіктестіктің лауазымды тұлғасы болып табылатын тұлға оған қатысты ірі акционер болып табылатын не мүліктегі тиісті үлеске құқығы бар заңды тұлға;

6) оған қатысты серіктестік ірі акционер болып табылатын немесе мүліктегі тиісті үлеске құқығы бар заңды тұлға;

7) осы тармақтың 6) тармақшасында аталған заңды тұлға оған қатысты ірі акционер болып табылатын немесе мүліктегі тиісті үлеске құқығы бар заңды тұлға;

8) серіктестікпен бірге үшінші бір тұлғаның бақылауында болатын заңды тұлға;

9) серіктестік қабылдайтын шешімдерді анықтауға құқылы, шартқа сәйкес серіктестікпен байланысты болатын тұлға;

10) дербес немесе өзінің үлестес тұлғаларымен бірлесіп, осы тармақтың 1), 4), 5), 6), 7), 8), 9) және 11) тармақшаларында аталған заңды тұлғалардың дауыс беретін акцияларының он немесе одан көп пайызын (жарғылық капиталындағы қатысу үлесін) иеленетін, пайдаланатын, оларға билік ететін тұлға;

11) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес серіктестіктің үлестес тұлғасы болып табылатын өзге де тұлға серіктестіктің үлестес тұлғасы болып табылады.

  1. Тиісінше серіктестік немесе өзге де заңды тұлға қабылдайтын шешімдерді анықтау мүмкіндігі серіктестікті немесе өзге де заңды тұлғаны бақылау болып табылады.

 

2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 12-2-баппен толықтырылды

12-2-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің үлестес тұлғалары туралы мәліметтерді ашу

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің үлестес тұлғалары туралы мәліметтер қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпарат болып табылмайды.
  2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік өзінің үлестес тұлғаларын есепке алуды осы тұлғалар беретін мәліметтер негізінде жүргізуге міндетті.
  3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің үлестес тұлғалары болып табылатын жеке және заңды тұлғалар үлестестігі пайда болған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде өздерінің үлестес тұлғалары туралы мәліметтерді жауапкершілігі шектеулі серіктестікке беруге міндетті.

 

ІІ-тарау. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті құру

 

13-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті құру рәсімі

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті құру оның құрылтайшыларының құрылтай шартын жасасуынан (осы Заңның 14-бабы) басталып, серіктестікті заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуден өткізумен (осы Заңның 19-бабы) аяқталады.
  2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті құру рәсімі ол аяқталғанға дейін:

1) бір жыл ішінде, ал егер құрылтай шартында басқа мерзім белгіленсе, осы мерзім ішінде, құрылтай шарты жасалған күннен бастап серіктестікті мемлекеттік тіркеу туралы тиісті өтініш берілмеген жағдайда;

2) серіктестікті мемлекеттік тіркеуден бас тартуға сот тәртібімен белгіленген мерзімде шағым жасалмаса не шағым жасалып, бірақ шағым қабылданбаған жағдайда тоқтатылады.

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті құру рәсімі ол аяқталғанға дейін тоқтатылған жағдайда (осы баптың 2-тармағы):

1) жарғылық капиталды қалыптастыру үшін ақша, бағалы қағаздар, заттар, соның ішінде санаткерлік қызмет нәтижелеріне құқықты қоса мүліктік құқық және өзге де мүлік қосқан серіктестіктің құрылтайшылары оларды дереу қайтаруды талап етуге құқылы;

2) осы Заңның негізінде жасалған сенімгерлік басқару туралы шарт оның тараптары арасында өзгеше келісім болмаған жағдайда тоқтатылып, осындай шарт бойынша берілген мүлік қайтарылуға тиіс.

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті құру рәсімі ол аяқталғанға дейін тоқтатылған жағдайда (осы баптың 2-тармағы), егер құрылтайшылар жаңа құрылтай шартын жасасса, серіктестікті құруға болады. Бұл ретте мемлекеттік тіркеуден бас тартуға себеп болған мән-жайлар ескерілуге тиіс.

14-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтай шарты

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрылтай шарты негізінде құрылады.
  2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтай шартында мыналар болуға тиіс:

1) серіктестікті құру туралы шешім, оның фирмалық атауы және орналасқан жері;

2) серіктестік құрылтайшыларының атауы, орналасқан жері, банктік реквизиттері (егер құрылтайшы заңды тұлға болса) немесе аты-жөні, тұратын жері мен жеке басын куәландыратын құжат деректері (егер құрылтайшы жеке тұлға болса) көрсетілген серіктестік құрылтайшыларының тізбесі;

3) серіктестікті құру тәртібі; оның құрылуына байланысты құрылтайшылардың міндеттері, сондай-ақ құрылтайшылардың серіктестіктерді құру жөніндегі қызметті жүзеге асыруының өзге де шарттары; аталған адамдардың, сондай-ақ серіктестікті құру мен тіркеу барысында құрылатын серіктестіктің мүдделерін білдіруге уәкілдік берілетін басқа да адамдардың өкілеттігін анықтау;

4) серіктестіктің жарғылық капиталының мөлшері;

5) серіктестіктің жарғылық капиталына әрбір құрылтайшының ақша салымының құрамы, мөлшері мен мерзімі туралы немесе заттай нысанда не мүліктік құқықтар түрінде салынған салымның ақшалай бағалануы туралы мәліметтер; серіктестіктің жарғылық капиталына қосымша салымдар салу туралы шешім қабылдаудың тәртібі, сондай-ақ серіктестіктің жарғылық капиталына салымдарды уақтылы салмаудың салдарлары;

6) құрылтайшының серіктестік мүлкіндегі үлесін анықтау; серіктестікке қатысушылар үлестерінің ауысу тәртібі;

7) серіктестік жарғысын бекіту;

8) серіктестіктің таза табысын бөлу тәртібі.

Құрылтайшылардың шешімі бойынша құрылтай шартына серіктестікті құруға және оның қызметіне қатысты осы Заңға және басқа да заң актілеріне қайшы келмейтін өзге де ережелер енгізілуі мүмкін.

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтай шартында оның қызметінің мәні мен мақсаты көзделуі мүмкін.
  2. Егер құрылтай шартында өзгеше көзделмесе, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтай шарты коммерциялық құпия болып табылатын құжаттар құрамына кіреді, мемлекеттік және өзге де ресми органдарға, сондай-ақ үшінші жаққа серіктестік органдарының шешімімен ғана не заң актілерінде белгіленген жағдайларда ұсынылуға тиіс.

Мемлекеттік тіркеу кезінде тіркеуші органға құрылтай шартын табыс ету талап етілмейді.

  1. Құрылтай шартының талаптары осы шартқа қол қойған құрылтайшылар үшін, сондай-ақ серіктестік құрылып, тіркелгеннен кейін оған кірген жаңа қатысушылар үшін міндетті болып табылады.

2010.20.01. № 239-ІV ҚР Заңымен 15-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)

15-бап. Құрылтай шартын жасау тәртібі мен оның нысаны

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтай шарты әрбір құрылтайшының немесе оның уәкілетті өкілінің шартқа қол қоюы арқылы жасалады.
  2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтай шарты жазбаша нысанда жасалады.
  3. Шартқа серіктестіктің барлық құрылтайшылары қол қояды.

Құрылтайшылар өкілдерінің серіктестікті құруға және құрылтай шартына қол қоюға құқық беретін тиісті өкілеттігі болуға тиіс.

Құрылтайшылар қатарына кіретін заңды тұлғаларды олардың тиісті заңды тұлға атынан сенімхатсыз әрекет етуге құқылы басшылары ұсынуы мүмкін.

  1. Шартқа қол қоюдан бас тарту серіктестікке кіруден бас тартуды білдіреді. Шартқа қол қоймаған адамдарды оның құрылтайшыларының тізбесінде көрсетуге болмайды.

Шартқа ескертпелер жасай отырып қол қоюға жол берілмейді. Серіктестіктің жекелеген қатысушылары мәртебесінің ерекшеліктері барлық құрылтайшылар қол қойған шарттың мәтінінде көрсетілуге тиіс.

2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

  1. Шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектісіболып табылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтай шартын қоспағанда, құрылтай шартын нотариат куәландыруға тиіс.
  2. Құрылтай шартына қол қойған құрылтайшылар серіктестік мемлекеттік тіркеуден өткен соң серіктестіктің қатысушылары болады.

16-бап. Жалғыз қатысушысы бар жауапкершілігі шектеулі серіктестікті құрудың ерекшеліктері

  1. Жалғыз қатысушы бар жауапкершілігі шектеулі серіктестік оның жеке өзі қабылдаған шешімнің негізінде құрылады.

Бұл жағдайда құрылтай шарты жасалмайды.

  1. Жалғыз қатысушы бар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысын осы серіктестікті құрған адам бекітеді.
  2. Жалғыз қатысушысы бар серіктестікті мемлекеттік тіркеу жауапкершілігі шектеулі серіктестікті тіркеу үшін белгіленген жалпы тәртіп бойынша жүргізіледі.
  3. Егер жалғыз қатысушысы бар жауапкершілігі шектеулі серіктестік салымды бөлу немесе жарғылық капиталды ұлғайту нәтижесінде жаңа қатысушылармен толықса, олар осы Заңның 15-бабында көзделген ережелер бойынша құрылтай шартына қол қоюға міндетті.

ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 16-1-баппен толықтырылды; 2005.08.07. № 72-IІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 16-1-бап өзгертілді

16-1-бап. Тiзiлiмiн жүргiзудi тiркеушi жүзеге асыратын жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң құрылу және қызмет ету ерекшелiктерi

  1. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөніндегі қызметтi жүзеге асыратын бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысымен (тiркеушiмен) серiктестiкке қатысушылардың тiзiлiмiн жүргiзуге шарт жасасуға құқылы.

Құрылтай шартының күшi серiктестiкке қатысушылардың тiзiлiмi қалыптастырылған күннен бастап тоқтатылады. Серiктестiкке қатысушылар тiзiлiмiнен үзiнді-көшiрме қатысушылар тiзiлiмiн жүргiзудi тiркеушi жүзеге асыратын жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жарғылық капиталындағы үлеске құқықты растайтын құжат болып табылады.

Акционерлік қоғам қатысушылар тiзiлiмiн жүргiзудi тiркеушi жүзеге асыратын жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк болып қайта құрылған жағдайда құрылтай шарты жасалмайды.

  1. Акционерлік қоғамнан қайта құрылған жауапкершiлiгi шектеулі серіктестіктің жарғысына қайта құру туралы шешім қабылдаған акционерлердiң жалпы жиналысы уәкiлеттiк берген адам қол қояды.

Акционерлік қоғамнан қайта құрылған жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешiм серiктестiкке қатысушылардың жалпы жиналысында, осы Заңның 48-бабында белгiленген тәртiппен қабылданады.

ҚР 16.05.03 ж. № 416-II (бұрынғы ред. қара); 2005.08.07. № 72-IІІ (бұр. ред. қара); 2010.20.01. № 239-ІV (бұр.ред.қара) Заңдарымен 17-бап өзгертілді

17-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысы

2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысы серіктестіктің заңды тұлға ретіндегі құқықтық мәртебесін белгілейтін құжат болып табылады.
  2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысында:

1) серіктестіктің фирмалық атауы, орналасқан жері мен мекен-жайы;

2) серiктестiкке қатысушылардың (серiктестiкке қатысушыларының тiзiлiмiн жүргiзудi тiркеушi жүзеге асыратын серiктестiктердi қоспағанда) олардың атауы, орналасқан жерi, мекен-жайы, банк реквизиттерi (егер құрылтайшы заңды тұлға болса) немесе аты-жөнi, тұратын жерi және жеке басын куәландыратын құжаттың деректерi (егер құрылтайшы жеке тұлға болса) көрсетiлген тiзбесi;

3) серіктестіктің жарғылық капиталының мөлшері туралы мәліметтер;

4) серіктестік органдарын құру тәртібі мен олардың құзыреті;

5) серіктестікті қайта ұйымдастыру және оның қызметін тоқтату ережелері;

6) серiктестiкке қатысушылар тiзiлiмін жүргiзудi тiркеушi жүзеге асыратын жағдайда серiктестiктiң таза кiрiсiн бөлудiң тәртібі;

2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен бап 7) тармақшамен толықтырылды

7) серіктестікке қатысушыларға және үлестерді сатып алушыларға серіктестіктің қызметі туралы ақпаратты ұсыну тәртібі және мерзімі;

2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 7-1) тармақшамен толықтырылды

7-1) серіктестіктің қызметі туралы ақпаратты жариялау үшін пайдаланылатын бұқаралық ақпарат құралының атауы;

2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен бап 8) тармақшамен толықтырылды

8) серіктестікке қатысушылардың құқықтары мен міндеттері болуға тиіс

Егер серіктестікті бір адам құрса, оның жарғысында мүлікті құру мен табыста бөлу тәртібі де белгіленеді.

Жарғыда Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін басқа ережелер де болуы мүмкін.

Серіктестіктің жарғысында оның қызметінің мәні мен мақсаттары көзделуі мүмкін.

  1. Жарғыны құрылтайшылардың жалпы жиналысы бірауыздан бекітуге тиіс және оған барлық құрылтайшылар немесе олардың уәкілетті өкілдері қол қояды.
  2. 2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
  3. 2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)

2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)

  1. Серіктестік өз қызметін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің үлгілік жарғысы негізінде жүзеге асыруға құқылы.

 

18-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысын өзгерту тәртібі

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысын өзгерту жалпы жиналыстың осы Заңның 48-бабы ережелеріне сәйкес қабылданатын шешімі бойынша жүзеге асырылады.
  2. 2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
  3. 2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)

 

ҚР 16.05.03 ж. № 416-II (бұрынғы ред. қара); 2005.08.07. № 72-IІІ (бұр. ред. қара); 2010.20.01. № 239-ІV (бұр.ред.қара) Заңдарымен 19-бап өзгертілді

19-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті мемлекеттік тіркеу

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік ол мемлекеттік тіркеуден өткен кезден бастап құрылған болып есептеледі.

2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті мемлекеттік тіркеуді әділет органдары Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасында айқындалатын тәртіппен жүзеге асырады.

2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)

  1. Мемлекеттiк тiркеу деректерi, оның iшiнде серiктестiктiң фирмалық атауы, жарғылық капиталының мөлшерi, құрылтайшыларының құрамы мен атқарушы органдары, оның орналасқан жерi туралы мәлiметтер Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізіледі.
  2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті мемлекеттік тіркеу үшін құрылтайшылар:

1) құрылтайшылар серіктестік құруға уәкілеттік берген адам қол қойған серіктестік құру туралы өтінішті;

2) 2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)

2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)

3) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркегені үшін бюджетке тіркеу алымы төленгенін растайтын түбіртекті немесе өзге де құжатты ұсынуға тиіс.

4-1. Серiктестікке қатысушылар тiзiлiмiн жүргiзудi тiркеушi жүзеге асыратын акционерлік қоғамнан қайта құрылған жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктi мемлекеттік тіркеу үшiн:

1) қайта құру туралы шешiм қабылдаған акционерлердiң жалпы жиналысы уәкiлдiк берген адам қол қойған серiктестiктi құру туралы өтiнiш;

2) 2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)

3) қайта құру туралы шешiм қабылдаған акционерлердiң жалпы жиналысы уәкiлдiк берген адам қол қойған, акция ұстаушылар тiзiлiміндегі деректер негiзiнде жасалған серiктестiкке қатысушылар тiзiмi табыс етiлуге тиiс.

2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)

  1. Егер серіктестік құрылтайшылары өз қызметін Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің үлгілік жарғысы негізінде жүзеге асыруға шешім қабылдаған жағдайда, тіркеуші органға Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша өтініш ұсынылады.
  2. Серіктестікті мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органның серіктестік құрылтайшыларынан өзге құжаттар табыс етуді талап етуге құқығы жоқ.

ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 20-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)

20-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті мемлекеттік тіркеуден бас тарту

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті мемлекеттік тіркеуден бас тартуға:

1) 2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)

2) құрылтайшылар осы Заңның 19-бабының 4 және 4-1-тармақтарында аталған құжаттардың бірін табыс етпегенде;

3) серіктестік құрылтайшылары серіктестікті құрудың осы Заңда көзделген тәртібін бұзғанда жол беріледі.

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті құру орынсыз деген себептермен оны мемлекеттік тіркеуден бас тартуға жол берілмейді.
  2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті мемлекеттік тіркеуден бас тартуға, сондай-ақ мұндай тіркеуден жалтаруға оның құрылтайшылары сот тәртібімен шағым жасай алады.

21-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті құруға байланысты міндеттемелер бойынша жауапкершілік

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтайшылары серіктестікті құруға байланысты және оны мемлекеттік тіркеуге дейін пайда болған міндеттемелер бойынша, егер бұл орайда құрылтайшылардың серіктестік мүдделері үшін әрекет еткені дәлелденсе, ортақ жауапкершілікте болады. Аталған адамдардың әрекеттері серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысында кейіннен мақұлданған жағдайда серіктестік мұндай міндеттемелер бойынша жауап береді.

ҚР 16.05.03 ж. № 416-II (бұрынғы ред. қара); 2005.08.07. № 72-IІІ (бұр. ред. қара) Заңдарымен 22-бап өзгертілді

22-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар құрамындағы өзгеріс

  1. Осы Заңның, серіктестік жарғысының және құрылтай шартының талаптарын сақтай отырып, серіктестікке жаңа қатысушы қабылдауды жүргізу құрылтай шартына қосылу туралы шартпен ресімделеді. Қосылу туралы шартқа серіктестік органының уәкілетті басшысы мен қосылған қатысушы қол қояды.

Қосылу туралы шарт құрылтай шартының ажырағысыз бөлігі болып табылады, ол қосылу туралы шарттың ережелерінен туындайтын бөлігінде өзгертілген болып есептеледі. Құрылтай шартына қосылу туралы шартты нотариат куәландыруға тиіс.

Жаңа қатысушы серіктестіктің құрылтай шартына және оның жарғысына осы құжаттардағы қосылу туралы шарттың ережелерінен туындайтын өзгерістерді ескере отырып қосылған болып есептеледі.

1-1. Қатысушылар тiзiлiмiн жүргiзудi тiркеушi жүзеге асыратын жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке жаңа қатысушыны қабылдау серiктестiкке қатысушылар тiзiлiмiне жазба енгізу жолымен ресiмделеді.

  1. Шығып кеткен қатысушының үлесін сатып алу нәтижесінде немесе үлес ауысуының өзге негіздері бойынша серіктестікке қатысушы болған адам үлеске деген құқық өзіне ауысқан кезден бастап серіктестіктің құрылтай шарты мен жарғысына қосылған болып есептеледі.

ІІІ-тарау. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталы

 

ҚР 29.12.03 ж. № 512-II Заңымен 23-бап толықтырылды; 2010.20.01. № 239-ІV ҚР Заңымен 23-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)

23-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталын құру

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталы құрылтайшылардың (қатысушылардың) салымдарын біріктіру жолымен құрылады.

2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

  1. Жарғылық капиталының ең төмен мөлшері нөлдік деңгеймен айқындалатын, шағын кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестікті қоспағанда, жарғылық капиталдың бастапқы мөлшері құрылтайшылар салымдарының сомасына тең болады және серіктестікті мемлекеттік тіркеу үшін құжаттар табыс етілген күнге бір жүз айлық есептік көрсеткіштің мөлшеріне баламалы сомадан кем болмауға тиіс.

2006.20.02. № 127-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.12.02. № 133-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.12.01. № 539-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына салым ақша, бағалы қағаздар, заттар, мүліктік құқықтар, оның ішінде жер пайдалану құқығы мен интеллектуалдық қызмет нәтижелеріне құқық және өзге де мүлік (Қазақстан Республикасының секьюритилендіру жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес құрылатын, жарғылық капиталы тек қана ақшамен қалыптастырылатын арнайы қаржы компанияларын Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасына сәйкес құрылатын арнайы исламдық қаржы компанияларын қоспағанда) болуы мүмкін.

Салымдар жеке мүліктік емес құқықтар және өзге де материалдық емес игіліктер түрінде енгізуге жол берілмейді.

  1. Құрылтайшылардың (қатысушылардың) жарғылық капиталға заттай нысандағы немесе мүліктік құқық түріндегі салымдар барлық құрылтайшылардың келісімі бойынша немесе серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының шешімі бойынша ақшалай нысанда бағаланады. Егер мұндай салымның құны айлық жиырма мың есептік көрсеткіштің мөлшеріне бара-бар сомадан асып түсетін болса, оның бағасын тәуелсіз сарапшы растауға тиіс.
  2. Серіктестікке салым ретінде мүлікті пайдалану құқығы берілген жағдайда бұл салымның мөлшері құрылтай құжаттарында көрсетілген бүкіл мерзімге есептелген пайдалану ақысымен анықталады.

Пайдалану құқығы серіктестіктің жарғылық капиталына салым болып табылатын мүлікті жалпы жиналыстың келісімінсіз мерзімінен бұрын алуға жол берілмейді.

Егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, серіктестікке пайдалануға берілген мүліктің кездейсоқ құрып кету немесе зақымдану қаупі мүлік иесіне жүктеледі.

2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

  1. Егер құрылтай шартында өзгеше көзделмесе, әрбір қатысушы салымының жарғылық капиталдың жалпы сомасына қатынасы қатысушының жарғылық капиталдағы үлесі болып табылады.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке жаңа қатысушыларды қабылдауға немесе серіктестіктен бұрынғы қатысушылардың бірі шығуына байланысты жарғылық капитал мөлшерінің қандай болса да өзгеруі қатысушылардың жарғылық капиталдағы қабылдау немесе шығу кезіндегі үлестерін тиісінше қайта есептеуге әкеп соғады.

  1. Құқығы (соның iшiнде шартты жер үлесiне құқығы) серiктестiктiң жарғылық капиталына салым ретiнде берiлген жер учаскесiн нақтылы бөлiп шығару Қазақстан Республикасының жер заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

 

24-бап. Серіктестіктің жарғылық капиталын құру мерзімдері

  1. 1. 2010.20.01. № 239-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
  2. Жалпы жиналыстың шешімімен белгіленген мерзімде барлық қатысушылар серіктестіктің жарғылық капиталына салымды толық енгізуге тиіс. Мұндай мерзім серіктестікті тіркеген күннен бастап бір жылдан аспауға тиіс.
  3. Серіктестікке қатысушы үлесті белгіленген мерзімде енгізу жөніндегі міндетін орындамаған жағдайда серіктестік үлестің қатысушы енгізбеген бөлігін өз капиталының (өзінің таза активтерінің) есебінен төлеуге не жарғылық капиталды оның енгізілген бөлігіне дейін азайтуға тиіс.

Өз үлесін мерзімінде енгізбеген қатысушы серіктестікке зиянның орнын толтыруға, сондай-ақ, егер серіктестіктің құрылтай шартында немесе жарғысында өзгеше көзделмесе, серіктестікке Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (жалпы бөлім) 353-бабына сәйкес тұрақсыздық айыбын төлеуге міндетті.

  1. Қатысушы белгіленген мерзімде енгізбеген үлес немесе оның бір бөлігі серіктестіктің жалпы жиналысының шешімі бойынша осы Заңның 31-бабының 1-тармағында немесе серіктестіктің құрылтай құжаттарында көзделген тәртіппен қалған қатысушылар арасында бөлінуі не үшінші жақтың сатып алуына ұсынылуы мүмкін.

Салымның енгізілмеген бөлігін осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзімде сату мүмкін болмаған жағдайда серіктестіктің жарғылық капиталы осы сомаға азайтылады және соған сәйкес қатысушылардың жарғылық капиталдағы үлестері өзгертіледі.

  1. Егер қатысушының салымы біршама уақыттан кейін ғана пайдаланылуы мүмкін мүлік болса, мұндай салым жалпы жиналыстың шешімі бойынша қатысушыдан салымның сипаты, оның ақшалай бағасы мен енгізу мерзімі көрсетіліп, нотариат куәландырған борыш міндеттемесін алған күннен бастап енгізілген деп танылуы мүмкін. Мұндай мерзім үш жылдан аспауы керек.
  2. Өз үлесін толық енгізген жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушы серіктестіктен өзінің серіктестікке қатысуын куәландыратын куәлік алуға құқылы.
  3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті құрғанға дейін ақша енгізу арқылы оның жарғылық капиталын төлеу үшін серіктестік құрылтайшылары құрылтай шартында жинақтау шотына тиісті қаражат аудару үшін банкте өз атына осындай шот ашуға тиіс құрылтайшылардың бірін көрсетуі мүмкін.

Серіктестік құрылып, ол банкте өз шотын ашқаннан кейін атына жинақтау шоты ашылған құрылтайшы осы шоттан серіктестік шотына ақша аударуды 5 (бес) жұмыс күн ішінде жүзеге асыруға міндетті. Құрылтайшы ақша аудару жөніндегі міндетін уақтылы орындамаған жағдайда ол серіктестікке, егер құрылтайшылар осылай кешіктірудің өзге зардаптарын белгілемесе, жинақтау шотында ұсталып қалған сомадан Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (жалпы бөлім) 353-бабында белгіленген мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлеуге тиіс.

  1. Егер жауапкершілігі шектелуі серіктестіктің жарғысында оның құрылтайшылары серіктестіктің жарғылық капиталына салымдар есебіне ақша емес, өзге мүлік енгізуі көзделсе, серіктестік құрылтайшылары құрылтай шартында тиісті мүлік серіктестік құрылғанға дейінгі және кейінгі кезеңге сенімгерлік басқаруға берілуге тиіс құрылтайшының біреуін немесе үшінші жақты көрсете алады.
  2. Сенімгерлік басқару туралы шартта:

1) сенімгер басқарушының барлық құрылтайшылардың мүдделері үшін, ал жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрылғаннан кейін серіктестік мүдделері үшін тиісті мүлікті басқаруды жүзеге асыру міндетті;

2) жауапкершілігі шектеулі серіктестікке ол құрылған кезден бастап пайдасына шарт жасалған және сенімгерлік басқаруға берілген мүлік осы кезден бастап меншігіне ауысатын адамның құқықтарын беру көзделуге тиіс.

25-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталын тексеру

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті тіркеу немесе қайта тіркеу кезінде жарғылық капитал және оның өз капиталымен арақатынасы тексерілмейді.
  2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталын тексеру:

1) кез келген қатысушының талап етуі бойынша тәуелсіз сарапшымен жүргізілуі мүмкін. Сараптамаға мүдделі қатысушы ақы төлейді;

2) сот шешімі бойынша;

3) әрбір қаржы жылының қорытындылары бойынша - қаржы есептері бойынша жүргізілуі мүмкін.

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің мәлімделген жарғылық капиталы нақты жарғылық капиталынан асып кеткен кезде серіктестікке қатысушылар кредит берушілер алдында жарғылық капиталдың өз капиталынан асып кеткен сомасында серіктестіктің борыштары бойынша ортақ субсидиялық жауапкершілікті мойнына алады.

ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 26-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)

26-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталын ұлғайту

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталын ұлғайтуға оны толық төлегеннен кейін рұқсат етіледі.
  2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталын ұлғайту:

1) серіктестіктің барлық қатысушылары қосатын қосымша бара-бар салымдар;

2) жарғылық капитал мөлшерін серіктестіктің өз капиталы есебінен, оның ішінде өзінің резерв капиталының есебінен ұлғайту;

3) алынып тасталды

4) бұған қалған барлық қатысушылар келіскен жағдайда бір немесе бірнеше қатысушының қосымша салымдар салуы;

5) серіктестік құрамына жаңа қатысушылар қабылдау (осы Заңның 22-бабы) арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

  1. Жарғылық капитал мөлшері осы баптың 2-тармағының 1) - 3) тармақшаларында көзделген тәртіппен ұлғайтылған кезде қатысушылар үлестерінің мөлшері өзгермейді.
  2. Жарғылық капитал жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың біреуі не жаңадан қабылданатын қатысушының қосымша жарна төлеуі арқылы ұлғайтылған кезде (осы баптың 2-тармағының 4) және 5) тармақшалары) мұндай салымның мөлшері серіктестіктің өз капиталына олардың осының алдындағы жарнасының мөлшерін және барлық қатысушылардың жарғылық капиталдағы үлестерін қайта есептеу қажеттігі ескеріле отырып белгіленеді.

Шешім барлық қатысушылардың жалпы келісімімен қабылданады.

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік жалпы жиналыс жарғылық капиталды ұлғайту туралы шешім қабылдаған күннен бастап үш ай ішінде жарғылық капиталдың ұлғайтылғандығы туралы өзін мемлекеттік тіркеуден өткізген органға хабарлауға міндетті. Хабарлаған кезге қарай жарғылық капитал ұлғайтылатын соманың кемінде жартысына тең сомада салымдар енгізілуге тиіс.

Егер серіктестік өзін мемлекеттік тіркеуден өткізген органға хабарламаса, жарғылық капитал ұлғайтылмаған болып танылады.

  1. Жарғылық капитал ұлғайтылмай қалған жағдайда қатысушының немесе өз салымын салған, жауапкершілігі шектеулі серіктестікке кіруге ниет білдірген үшінші жақтың серіктестіктен Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (жалпы бөлім) 353-бабына сәйкес не зияндарын өтеп, оның ішінде салым ретінде салынған мүлікті пайдалану мүмкін болмауы салдарынан қолдан жіберіп алынған пайдасын өтеп, салымды қайтаруды және тұрақсыздық айыбын төлеуді талап етуге құқылы.

27-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталын азайту

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталын азайту серіктестіктің барлық қатысушылары салымдарының мөлшерін бара-бар мөлшерде азайту не жекелеген қатысушылардың үлестерін толық немесе ішінара өтеу арқылы жүзеге асырылады.
  2. Қатысушы үлесін өтеу арқылы жарғылық капитал азайтылған кезде қалған қатысушылардың үлестері тиісінше өзгереді.
  3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысы жарғылық капиталды азайту туралы шешім қабылдаған кезден бастап серіктестік бұл шешім туралы шешім қабылданған соң туындайтын міндеттемелер бойынша кредит берушілерге хабарлауға міндетті.
  4. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысы жарғылық капиталды азайту туралы шешім қабылдаған күннен бастап екі ай мерзім ішінде серіктестік өзінің барлық кредит берушілеріне жарғылық капиталдың азайтылғаны туралы жазбаша хабарлама жіберуге не серіктестіктер туралы мәліметтер жарияланатын ресми басылымда тиісті хабарландыру беруге міндетті. Серіктестіктің кредит басылымда тиісті хабарландыру беруге міндетті. Серіктестіктің кредит берушілері хабарлама алған немесе хабарландыру жарияланған күннен бастап бір ай мерзім ішінде серіктестіктен қосымша кепілдіктер не серіктестіктің тиісті міндеттемелерді мерзімінен бұрын тоқтатуын немесе орындауын және зияндардың орнын толтыруын талап етуге құқылы. Талаптар серіктестікке жазбаша нысанда жіберіледі, ал олардың көшірмелері серіктестікті мемлекеттік тіркеуден өткізген органға ұсынылуы мүмкін.
  5. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталының азайтылуын серіктестікті мемлекеттік тіркеуден өткізген орган серіктестікке талаптар мәлімдеу үшін кредит берушілерге ұсынылған мерзім аяқталған соң тіркейді (осы баптың 4-тармағы). Егер серіктестікті мемлекеттік тіркеуден өткізген органға серіктестікке кредит берушілер талаптарының көшірмелері түссе, серіктестік осы талаптардың орындалғанының дәлелдерін ұсынған не мәлімдеген кредит берушілердің серіктестік жарғылық капиталының азайтылуын тіркеуге қарсылықтары болмаған жағдайда, жарғылық капиталдың азайтылуы тіркеледі.
  6. Егер серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысы жарғылық капиталды азайту туралы шешім қабылдаған күннен бастап алты ай ішінде серіктестік қайта тіркеу туралы арыз бермесе не қажетті дәлелдер ұсынбаса (осы баптың 5-тармағы), жарғылық капитал азайтылмаған болып есептеледі. Бұл жағдайда жарғылық капиталды азайту осы баптың талаптары сақтала отырып серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының жаңа шешімі бойынша ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
  7. Осы бапта белгіленген тәртіпті бұза отырып, жарғылық капиталды азайту мүдделі адамдардың өтініші бойынша сот шешімімен серіктестіктің таратылуына негіз болып табылады.
  8. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік жарғылық капиталдың азайтылуына байланысты жарғылық капиталдың жаңа мөлшерінен асатын таза активтердің бір бөлігі шегінде ғана өз қатысушыларына төлемдер жасауға құқылы. Төлемдер жарғылық капиталдың азайтылуы тіркелген соң, серіктестік жарғысы немесе жалпы жиналыстың жарғылық капиталды азайту туралы шешімі белгілеген мерзімде, бірақ тіркеу кезінен бастап үш айдан кешіктірмей жасалады.

Төлем серіктестікке қатысушылар үлестерінің мөлшеріне сәйкес жасалады.

  1. Қатысушылар өз салымдарын құрылтай құжаттарында мәлімделген жарғылық капиталдың толық мөлшеріне дейін салған соң ғана жарғылық капиталды азайту жүзеге асырылуы мүмкін, бұған осы Заңның 24-бабы 4-тармағының екінші бөлігінде көзделінген жағдай қосылмайды.

28-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың үлестері

  1. Барлық қатысушылардың жарғылық капиталдағы үлестері және тиісінше олардың шаруашылық серіктестік мүлкінің құнындағы үлестері (мүліктегі үлес), егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, олардың жарғылық капиталдағы салымдарына бара-бар болады.

Үлес мөлшері осы Заңның 23-бабының 6-тармағында көзделген тәртіппен белгіленеді. Қатысушылардың тым болмағанда біреуінің жарғылық капиталдағы үлесінің қандай да бір өзгеруі (ұлғаюы немесе азаюы) серіктестікке барлық қатысушылар үлестерінің мөлшерін тиісті түрде қайта есептеуге әкеп соғады.

  1. Кез келген негіз бойынша үлеске деген құқықтан айрылу қатысушының жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен шығуына әкеп соғады. Осы Заңда белгіленген тәртіппен үлес сатып алу үлесті сатып алушының серіктестік қатысушыларының құрамына кіргендігін білдіреді.
  2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтай құжаттары серіктестіктің бір қатысушысында болуы мүмкін үлестің ең көп мөлшерін шектей алады. Мұндай шектеуді белгілі бір қатысушы жөнінде белгілеуге болмайды. Сол сияқты құрылтай құжаттарында серіктестікке қатысушылар үлестерінің ара қатынасын өзгерту мүмкіндігі шектелуі мүмкін.
  3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің мүлкіндегі қатысушы үлесіне құқық заттық емес, міндеттемелік сипатта болады.

 

29-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушының серіктестік мүлкіндегі өз үлесіне билік етуі

  1. Қатысушының жауапкершілігі шектеулі серіктестік мүлкіндегі үлесі салым төленіп қойылған бөлігінде ғана салым толық төленгенге дейін иеліктен алынуы немесе кепілге берілуі мүмкін.

2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушы өз қалауы бойынша сол серіктестіктің бір немесе бірнеше қатысушысына серіктестік мүлкіндегі өз үлесін немесе оның бір бөлігін сатуға немесе өзге де жолмен беруге құқылы. Серіктестікке қатысушы серіктестікке басқа қатысушы алдындағы өз міндеттемесін қамтамасыз ету үшін үлесін кепілге беруге құқылы. Бұл мәмілелерді жасауға серіктестіктің немесе басқа да қатысушылардың келісімі талап етілмейді. Алайда, егер серіктестіктің құрылтай құжаттарында осы Заңның 28-бабының 3-тармағында көрсетілген шарттар көзделсе, бұл шарттар үлесті біреуге беру кезінде сақталуға тиіс.

Егер шығатын қатысушының серіктестік мүлкіндегi (жарғылық капиталындағы) үлесіне немесе оның бір бөлігіне құқығын иелiктен шығару (біреуге беру) шартының тарапы жеке тұлға болып табылатын жағдайда, жеке тұлға қолының түпнұсқалығын нотариат куәландыруға тиіс.

2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен бап 3-тармақпен толықтырылды

  1. Серіктестік мүлкіндегі үлес кепілін тіркеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Тіркеуші серіктестікке қатысушылардың тізілімін жүргізген жағдайда серіктестік мүлкіндегі үлес кепілін тіркеу осы Заңның және (немесе) серіктестік жарғысының талаптарын сақтаған кезде тіркеушінің ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.

 

30-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушының үлесін үшінші жаққа иеліктен айырып беру мүмкіндігі

  1. Егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушының өз үлесін (оның бір бөлігін) иеліктен айырып үшінші жаққа беруіне немесе қатысушының үшінші жақ алдындағы міндеттемесін қамтамасыз ету үшін үлесті (үлестің бір бөлігін) кепілге беруіне жол беріледі.
  2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтай құжаттарында үлесті үшінші жаққа сатуға тек белгілі бір шарттар сақталғанда ғана жол берілетіндігі көзделуі мүмкін.

2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

  1. Егер мұндай сату «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес үлес сату арқылы жүзеге асырылса, осы бапта белгіленген шектеулер мемлекетке немесе мемлекеттік заңды тұлғаға тиесілі үлесті сату жағдайларына қолданылмайды. Алайда мұндай сату кезінде серіктестіктің басқа қатысушысының (басқа қатысушыларының) үлесті сатып алуға осы Заңның 31-бабында көзделген артықшылық құқыққа ие болу құқығы сақталады.

 

31-бап. Иеліктен айырылатын үлесті сатып алуға артықшылық құқық

2007.07.08. № 321-III ҚР Заңымен 1- тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара )

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар қатысушылардың бірі үлесін сатқан кезде оны немесе оның бір бөлігін сатып алуда, заңнамалық актілерде көзделген жағдайларды қоспағанда, үшінші жақтың алдында артықшылық құқықтық пайдаланады. Мұндай құқықты әрбір қатысушы пайдалана алады. Егер сатып алудағы артықшылық құқықты пайдалануды қалайтын қатысушылар бірнешеу болса және құрылтай құжаттарында немесе серіктестікке қатысушылардың басқа келісімінде өзгеше көзделмесе, үлесті (оның бір бөлігін) сатып алудағы артықшылық құқықты қатысушылар жарғылық капиталдағы өз үлестерінің мөлшеріне бара-бар жүзеге асырады.
  2. Өз үлесін немесе оның бір бөлігін үшінші жаққа сатқысы келген жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушы өзінің ниеті туралы серіктестіктің атқарушы органына сатудың болжамды бағасын көрсетіп, жазбаша хабарлауға міндетті.
  3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушыдан үлесті сатуға ұсыну туралы хабарлама алған кезден бастап жеті күн ішінде атқарушы орган бұл жөнінде серіктестіктің барлық қатысушыларына хабарлайды. Сатып алуда артықшылық құқықты жүзеге асыруды қалайтын серіктестікке қатысушы сатуға ұсынылған үлесті толық немесе оның белгілі бір бөлігін сатып алу ниетін көрсетіп, бұл туралы серіктестіктің атқарушы органына жеті күн мерзім ішінде хабарлауға тиіс.
  4. Егер келіп түскен ұсыныстардың жиынтық шамасы сатылып отырған үлестің мөлшерінен аспаса, әрбір қатысушы оның өзінің хабарламасында көрсеткен бөлігін сатып алады. Егер осылай иеліктен айыруға дейін жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардан қосымша ұсыныстар түспесе, үлестің қалған бөлігі иеліктен айырылып, үшінші жаққа берілуі мүмкін.
  5. Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органына үлестің сатуға ұсынылғаны туралы хабарлама жіберілген күннен бастап бір ай ішінде оны немесе оның бір бөлігін серіктестікке қатысушылар артықшылық құқықты пайдалану тәртібімен сатып алмаса, үлесті сатуға ұсынған қатысушы үлесті (үлестің сатып алынбаған бөлігін) хабарламада көрсетілген бағадан төмен болмайтын баға бойынша үшінші жаққа сатуға құқылы.
  6. Егер үлес хабарламада көрсетілген бағадан неғұрлым төмен баға бойынша иеліктен айырылып, үшінші жаққа берілсе, үлесті сатып алу-сату туралы шарт жарамсыз деп танылуы мүмкін. Қатысушылардың үлестің немесе оның бір бөлігінің іс жүзіндегі сату бағасын ескеріп, үлесті сатып алуда артықшылық құқықты жүзеге асыру рәсімін қайталауға құқығы бар.
  7. Үлес немесе оның бір бөлігі сатып алудағы артықшылық құқық бұзылып сатылған жағдайда жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің кез келген қатысушысы сатып алушының құқықтары мен міндеттерін өзіне ауыстыруды үш ай ішінде сот тәртібімен талап ете алады.
  8. Иеліктен айрылған үлесті сатып алудағы артықшылық құқық үлесті сатудың кез келген әдісі кезінде, соның ішінде сауда-саттық кезінде жүзеге асырылады.
  9. Үлесті сатып алудағы артықшылық құқықты біреуге беруге жол берілмейді.
  10. Иеліктен айырылған үлесті немесе оның бір бөлігін серіктестікке қатысушы (қатысушылар) сатып алған жағдайда оның /олардың/ серіктестіктің жарғылық капиталындағы үлесі тиісінше ұлғаяды.
  11. Осы баптың ережелері үлес айырбас шарты бойынша иеліктен айырылған жағдайда да қолданылады.
  12. Үлес немесе оның бір бөлігі үшінші жаққа сатылған кезде қатысушылар сатып алудағы артықшылық құқықты пайдалануды қаламаған жағдайда, сатып алудағы артықшылық құқықты осы баптың 2, 5-9 және 11-тармақтарын ескере отырып, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өзі пайдалана алады.

ҚР 16.05.03 ж. № 416-II (бұрынғы ред. қара); 2005.08.07. № 72-IІІ (бұр. ред. қара) Заңдарымен 32-бап өзгертілді

32-бап. Басқа қатысушылар үлесті сатып алудан бас тартқан жағдайда жауапкершілігі шектеулі серіктестік қатысушының үлесін сату

2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтай құжаттарында серіктестікке қатысушының өз үлесін үшінші жаққа сатуына тыйым салу немесе шек қою көзделуі мүмкін (мысалы, үлесті серіктестіктің басқа қатысушыларына не үшінші жақтың шектеулі тобына ғана сату). Бұл жағдайда сату осындай тыйым салуды немесе шектеуді сақтай отырып жасалуға тиіс.

Қатысушылар тiзiлiмiн жүргiзудi тiркеушi жүзеге асыратын жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жарғылық капиталына қатысу үлесiн қатысушының сату тәртібі серiктестiктiң жарғысында белгiленеді.

  1. Үлесті сату сатушыға тәуелсіз жағдайлар бойынша осы баптың 1-тармағында көзделген тыйым салуды немесе шектеуді сақтай отырып жасала алмайтын жағдайда, үлесін сатқысы келетін қатысушы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен осы үлесті сатып алуын немесе оны үшінші жаққа сатуға рұқсат етуін талап етуге құқылы.

Осы нұсқалардың бірін серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысы таңдап алады.

  1. Үлесті жауапкершілігі шектеулі серіктестік сатып алған жағдайда үлес бағасын тараптардың келісімі, келісімге қол жетпеген жағдайда сот белгілейді.
  2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік үлесті үшінші жаққа сатуға келіскен жағдайда серіктестікке қатысушылар осы Заңның 31-бабында көзделген үлесті сатып алудағы артықшылық құқықты сақтайды.

33-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қатысушы үлесін сатып алуының салдары

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік осы Заңның 31-36-баптарында көзделген тәртіппен қатысушы үлесін сатып алған соң, сондай-ақ серіктестік тараптардың келісімі бойынша қатысушының үлесін сатып алған соң, серіктестік басқа қатысушыларға жалпы жиналыстың шешімімен белгіленген баға бойынша осы үлесті сатып алуды ұсынуға міндетті.
  2. Үлесті сатып алуға бірнеше қатысушы ниет білдірген жағдайда үлес олардың арасында жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы өз үлестерінің мөлшеріне бара-бар бөлінеді.

Қатысушы сатып алған үлес мөлшері сатып алғанға дейін осы қатысушыға тиесілі үлес мөлшеріне қосылады. Бұл орайда серіктестіктің бір қатысушысына тиесілі болуы мүмкін үлес мөлшерін шектеу мүмкіндігі туралы осы Заңның 28-бабының 3-тармағының ережесі сақталады.

  1. Шығып кеткен қатысушыдан жауапкершілігі шектеулі серіктестік сатып алған үлесті қатысушылар сатып алғысы келмеген жағдайда үлес жарғылық капиталды тиісінше азайту және серіктестікке қатысушылардың жарғылық капиталдағы үлестерін қайта есептеу арқылы өтеледі.
  2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік жалпы жиналыстың шешімі бойынша осы баптың 3-тармағында көзделген үлесті өтеудің орнынан бұл үлесті серіктестік атынан үшінші жаққа сатуға құқылы.
  3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің шығып кеткен қатысушысының серіктестікке ауысқан үлесіне барлық жағдайда ол өтелгенге не басқа қатысушыға немесе үшінші жаққа сатылғанға дейін дивиденттер есептелмейді.

34-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушыдан үлесті мәжбүрлеп сатып алу

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушы серіктестікке немесе оның қатысушыларына зиян келтірген жағдайда олар зиян келтірушіден зиянды өтеуді талап етуге құқылы.
  2. Елеулі түрде зиян келтірілген жағдайда жауапкершілігі шектеулі серіктестік зиянды өтеу туралы талаппен қатар және зиян келтірген кінәлі қатысушының үлесін серіктестіктің мәжбүрлеп сатып алуы туралы мәселе қоюға, сондай-ақ оның қатысушылар құрамынан шығуын талап етуге құқылы.

2011.11.01. № 285-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

  1. Үлесті мәжбүрлеп сатып алу сот тәртібімен жүргізіледі.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардан үлесті мәжбүрлеп сатып алу халықаралық стандарттар негізінде бағалау қызметі саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті орган белгілеген талаптарға жауап беретін тәуелсіз бағалаушы белгілеген нарық бағасы бойынша жүзеге асырылады.

 

2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 35-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)

35-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы үлестің мұрагерлік бойынша ауысуы

Егер серiктестiктiң құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, жауапкершiлiгi шектеулі серіктестікке қатысушының үлесі оның мұрагерлеріне ауысады. Үлестің мұрагерлерге ауысуы және оны бірнеше мұрагерлер арасында бөлу Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес жүргізіледі.

36-бап. Заңды тұлғалардың жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы үлеске қатысты құқықтық мұрагерлігі

  1. Заңды тұлға қосылу, бірігу немесе қайта құрылу нысанында қайта ұйымдастырылған жағдайда жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы оның үлесі қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның құқықтық мұрагеріне ауысады.
  2. Егер қайта ұйымдастыру заңды тұлғаны бөлу немесе оның құрамынан жаңа заңды тұлғаның (жаңа заңды тұлғалардың) бөлініп шығуы болып табылса, қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның үлесі бөлу балансына сәйкес оның құқықтық мұрагерлеріне ауысады.
  3. Жалпы жиналыс осы баптың 2-тармағында аталған заңды тұлғаның құқықтық мұрагерлеріне үлестің ауысуына келіспеген кезде жауапкершілігі шектеулі серіктестік үлесті осы Заңның 34-бабында көзделген тәртіппен сатып алуға міндетті.

37-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушының үлесінен оның кредит берушілерінің өндіріп алуы

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушының кредит берушілері сот шешімінің негізінде мәжбүрлі түрде серіктестік мүлкіндегі мұндай қатысушының үлесінен немесе үлесінің бір бөлігінен өндіріп алуды талап етуге құқылы.
  2. Үлеске (үлестің бір бөлігіне) қатысты кепіл ұстаушы құқығы жоқ оны өндіріп алатын кредит беруші жауапкершілігі шектеулі серіктестікке борышкерден үлесті (үлестің бір бөлігін) мәжбүрлеп сатып алатыны және сатып алудан түскен сомадан борышты өтеуін талап ететіні туралы мәлімдейді. Үлесті (үлестің бір бөлігін) сатып алуды серіктестік немесе оның қатысушылары үлесі сатып алынатын қатысушы бұған келіскен кезде тараптар белгілейтін баға бойынша жүзеге асырады.
  3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік және үлесі өндіріп алынатын қатысушы келіскен кезде мұндай үлес (үлестің бір бөлігі) үшінші жаққа сатылуы мүмкін.
  4. Кредит берушінің талабы мәлімденген күннен бастап үш ай ішінде серіктестік немесе оның қатысушылары, немесе үшінші жақ үлесті (оның бір бөлігін) сатып алмаса және талапты қанағаттандырмаса, кредит беруші үлесті (оның бір бөлігін) көпшілік сауда-саттықта Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңдарында көзделген тәртіппен сатуды талап етуге құқылы. Бұл жағдайда серіктестіктің басқа қатысушыларының осы Заңның 31-бабында көзделген үлесті сатып алудағы артықшылық құқығы сақталады.
  5. Үлесті сатудан түскен ақшадан оны бағалауға, сатуды ұйымдастыру мен өткізуге, үлестен өндіріп алуды талап еткен кредит берушінің талаптарын қанағаттандыруға жұмсалған шығындар өтеледі. Қалған ақша, егер ол бар болса, үлесі (үлесінің бір бөлігі) сатылған адамға беріледі.

IV-тарау. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің мүлкі

38-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік мүлкінің құралуы

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің мүлкі оның құрылтайшыларының (қатысушыларының) салымдары, серіктестік алған табыстар, сондай-ақ заңдарда тыйым салынбаған басқа да көздер есебінен құралады.
  2. Заң актілерінде немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік жарғысында резервтік капитал және басқа да қорлар құру көзделуі мүмкін.
  3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің мүлкі оның балансында есептеледі.

39-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік мүлкіне қосымша жарналар

  1. Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестік жарғысында өзгеше көзделмесе, қатысушылардың жалпы жиналысы қатысушылардың серіктестік мүлкіне қосымша жарналар енгізуі туралы шешім қабылдай алады. Шешім серіктестіктің барлық қатысушыларының төрттен үшінің көпшілік дауысымен қабылданады. Мұндай шешімді жақтап дауыс бермеген қатысушылар (соның ішінде жиналыста болмағандар, дауыс беруге қатыспағандар немесе дауыс беруден қалыс қалғандар) өз үлестерін қосымша жарналар енгізуді жақтап дауыс берген қатысушылардың сатып алуын талап етуге құқылы. Қосымша жарналарды жақтап дауыс берген қатысушылар осы үлестерді серіктестіктің жарғылық капиталындағы өз үлестеріне бара-бар мөлшерде осы Заңның ережелеріне сәйкес белгіленетін баға бойынша сатып алады.

Қосымша жарналар олардың үлестерін сатып алу туралы талап қойған қатысушылармен есеп айырысу аяқталған соң ғана енгізіледі.

  1. Қатысушылардың жауапкершілігі шектеулі серіктестік мүлкіне қосымша жарналар енгізу тәртібі мен мерзімі, сондай-ақ оны енгізу мерзімін өткізіп алғаны үшін жауапкершілік осы Заңның 24-бабының ережелері бойынша айқындалады.
  2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік мүлкіне қатысушылар енгізген қосымша жарналар оның жарғылық капиталының және серіктестікке қатысушылар үлестерінің мөлшерін өзгертпейді.

40-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің таза табысын оның қатысушылары арасында бөлу

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар арасында серіктестіктің бір жыл ішіндегі өз қызметінің нәтижелері бойынша алған таза табысын бөлу серіктестіктің тиісті жылдағы қызметінің нәтижелерін бекітуге арналған серіктестікке қатысушылардың кезекті жиналысының шешіміне сәйкес жүргізіледі.

Жалпы жиналыс таза табысты немесе оның бір бөлігін серіктестікке қатысушылар арасында бөлуден алып тастау туралы шешім қабылдауға да құқылы.

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жалпы жиналысы табысты қатысушылар арасында бөлу туралы шешім қабылдаған жағдайда әрбір қатысушы бөлінетін табыстың серіктестік жарғылық капиталындағы өз үлесіне сәйкес бөлігін алуға құқылы. Төлемді серіктестік жалпы жиналыс таза табысты бөлу туралы шешім қабылдаған күннен бастап бір ай ішінде ақшалай нысанда жасауға тиіс.
  2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің серіктестік жарғылық капиталы толық төленгенге дейін табысты қатысушылар арасында бөлуге құқығы жоқ.

V-тарау. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті басқару

2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 41-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)

41-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің органдары мен лауазымды тұлғалары

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің органдары мыналар:

1) серіктестіктің жоғары органы - оған қатысушылардың жалпы жиналысы (жалпы жиналыс);

2) серіктестіктің атқарушы органы (алқалы және (немесе) жеке-дара) болып табылады.

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органының мүшелері немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органының функцияларын жеке-дара атқаратын тұлға, сондай-ақ байқаушы кеңестің мүшелері жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің лауазымды тұлғалары болып табылады.

2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды

2-1. Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамалық актісінде белгіленген тәртіппен жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк банкрот деп танылған немесе оңалту рәсімі қолданылған және уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушы тағайындалған жағдайларда, оны басқару бойынша барлық өкілеттіктер тиісінше уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушыға өтеді.

  1. Жарғыда көзделген жағдайда жауапкершілігі шектеулі серіктестік байқаушы кеңесті және (немесе) тексеру комиссиясын (тексерушіні) құруы мүмкін.
  2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік органдарының құзыреті, сондай-ақ олардың шешім қабылдау немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік атынан әрекет жасау тәртібі осы Заңмен, Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерімен және жауапкершілігі шектеулі серіктестік жарғысымен анықталады.

 

42-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жалпы жиналысы

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жоғары органы (жалпы жиналыс) қатысушылардың кезекті (осы Заңның 44-бабы) немесе кезектен тыс (осы Заңның 45-бабы) жалпы жиналысы ретінде шақырылады.
  2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің барлық қатысушыларының жалпы жиналысқа қатысуға, күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға қатысуға және шешімдер қабылдау кезінде дауыс беруге құқығы бар.

Серіктестік қатысушыларының аталған құқықтарын шектейтін серіктестік жарғысының және кез келген басқа құжаттардың, шешімдердің ережелері жарамсыз болып табылады.

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушы жалпы жиналысқа жеке өзі немесе өкілі арқылы қатыса алады.

Сенімгердің өзі тиісінше серіктестіктің атқарушы органының мүшесі немесе бақылау органының (тексеру комиссиясының) мүшесі болып табылатын жағдайларды қоспағанда, атқарушы орган мүшелерінің және бақылау органдары мүшелерінің жалпы жиналыста серіктестік қатысушыларының өкілдері ретінде әрекет етуге құқығы жоқ.

Серіктестікке қатысушының - жеке тұлғаның өкілі ретінде сенімхат негізінде өзге адамдар әрекет етуге құқылы. Өкілдің жалпы жиналысқа қатысуына жеке тұлғаның берген сенімхаты Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексі (жалпы бөлім) 167-бабының 4-тармағында немесе 5-тармағында көзделген нысанда берілуге, не нотариаттық куәландырылуға тиіс.

Серіктестікке қатысушының - заңды тұлғаның өкілі ретінде оның басшысы сенімхатсыз не өзге өкіл сенімхат негізінде қатысуға құқылы. Өкілдің жалпы жиналысқа қатысуына заңды тұлғаның сенімхаты Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексі (жалпы бөлім) 167-бабының 6-тармағында көзделген нысанда берілуге тиіс.

  1. Егер қатысушы мен сенімгер басқарушы арасындағы шартта немесе мүлікті сенімгерлік басқаруды құру туралы заң актілерінде өзгеше көзделмесе, қатысушы үлесін сенімгерлік басқару құрылған жағдайда жалпы жиналыста оның өкілі ретінде қатысушы атынан сенімгер басқарушы әрекет етуге құқылы. Қатысушы мүдделерін білдіру тәртібіне қойылатын талаптар мүлікті сенімгерлік басқару туралы заңдарда белгіленеді.
  2. Осы Заңның 47-бабы 7-тармағының бірінші бөлігінде немесе серіктестік жарғысында дауыстарды айқындаудың өзге тәртібі көзделген жағдайларды қоспағанда, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің әрбір қатысушысы жалпы жиналыста дауыс беру кезінде, серіктестіктің жарғылық капиталындағы өзінің үлесіне сәйкес келетін дауыс санына ие болады.
  3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органының серіктестік қатысушысы болып табылмайтын мүшелері, егер серіктестік жарғысында өзгеше көзделмесе, жалпы жиналысқа кеңесші дауыс құқығымен қатыса алады.

2006.31.01. № 125-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 43-бап өзгертілді

43-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының құзыреті

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар жалпы жиналысының құзыреті осы Заңға сәйкес серіктестік жарғысымен белгіленеді.
  2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының ерекше құзыретіне:

1) серіктестіктің жарғылық капиталы мөлшерін, орналасқан жері мен фирмалық атауын өзгертуді қоса алғанда, оның жарғысын өзгерту немесе серіктестіктің жаңа редакциядағы жарғысын бекіту;

2) серіктестіктің атқарушы органын құру және оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ жауапкершілігі шектеулі серіктестікті немесе оның мүлкін сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылдау және осылай берудің шарттарын айқындау;

3) серіктестіктің бақылаушы кеңесін және (немесе) тексеру комиссиясын (тексерушіні) сайлау және олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ серіктестіктің тексеру комиссиясының (тексерушісінің) есептері мен қорытындыларын бекіту;

4) серіктестіктің жылдық қаржылық есептемесін бекіту және оның таза табысын бөлу;

2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)

5) оларды бекіту серіктестіктің жарғысында серіктестіктің өзге органдарының құзыретіне жатқызылған құжаттардан басқа, серіктестіктің ішкі қызметін реттейтін ішкі ережелерді, оларды қабылдау рәсімін және басқа да құжаттарды бекіту;

6) серіктестіктің өзге шаруашылық серіктестіктерге, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдарға қатысуы туралы шешім шығару;

7) серіктестікті қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім шығару;

8) тарату комиссиясын тағайындау және тарату баланстарын бекіту;

9) осы Заңның 34-бабына сәйкес серіктестікке қатысушыдан үлесті мәжбүрлеп сатып алу туралы шешім шығару;

10) серіктестіктің бүкіл мүлкін кепілге беру туралы шешім шығару;

2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен бап 11) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)

11) осы Заңның 39-бабына сәйкес серіктестік мүлкіне қосымша жарналарын енгізу туралы шешім шығару;

2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен бап 12) тармақшамен толықтырылды

12) серіктестікке қатысушыларға және үлестерді сатып алушыларға серіктестіктің қызметі туралы ақпаратты ұсыну тәртібін және мерзімдерін бекіту жатады.

  1. Осы Заңмен жалпы жиналыстың ерекше құзыретіне жатқызылған мәселелермен қатар жауапкершілігі шектеулі серіктестік жарғысымен оның құзыретіне басқа да мәселелердің жатқызылуы мүмкін.

Егер серіктестік жарғысында басқаша белгіленбесе, жалпы жиналыс өзінің ерекше құзыретіне жатпайтын өкілеттіктерді серіктестіктің атқарушы органына немесе бақылау кеңесіне беруге құқылы.

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысы, өзінің құзыреті серіктестік жарғысында қалай белгіленгеніне қарамастан, серіктестік қызметіне байланысты кез келген мәселені қарауға алуға құқылы.

2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен бап 5 тармақпен толықтырылды

  1. Қатысушылардың жалпы жиналысы, егер серіктестіктің жарғысында өзгеше айқындалмаса, серіктестіктің ішкі қызметіне қатысты мәселелер бойынша жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өзге де органдарының кез келген шешімінің күшін жоюға құқылы.

 

44-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың кезекті жалпы жиналысы

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың кезекті жалпы жиналысын серіктестіктің атқарушы органы серіктестік жарғысында белгіленген мерзімде, бірақ жылына кемінде бір рет шақырады.
  2. Жауапкершілік шектеулі серіктестіктің жылдық қаржылық есептемесін бекітуге арналған жиналыс қаржылық есеп беру жылы аяқталғаннан кейін үш айдан кешіктірмей өткізілуге тиіс.

45-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың кезектен тыс жалпы жиналысы

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың кезектен тыс (төтенше) жалпы жиналысы осы Заңда, серіктестік жарғысында көзделген жағдайларда, сондай-ақ серіктестік мүдделері осындай жиналысты шақыруды талап ететін кез келген өзге де жағдайларда шақырылады.
  2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың кезектен тыс жалпы жиналысын серіктестіктің атқарушы органы өз бастамасы бойынша шақырады, ал байқаушы және бақылаушы органдар құрылған жағдайларда сондай-ақ серіктестіктің байқаушы кеңесінің немесе тексеру комиссиясының (тексерушінің) талап етуі бойынша, не жиынтығында жалпы дауыс санының оннан бірінен астамын иеленетін серіктестікке қатысушылардың бастамасымен шақырылады.

Егер байқаушы кеңестің, тексеру комиссиясының (тексерушінің) немесе серіктестікке қатысушылардың талап етуіне қарамастан атқарушы орган кезектен тыс жалпы жиналысты шақырмаса, оны серіктестіктің байқаушы кеңесі, тексеру комиссиясы (тексеруші) немесе жиынтығында дауыс санының оннан бірінен астамын иеленетін серіктестікке қатысушылар дербес шақыра алады.

  1. Таратылу процесінде тұрған жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың кезектен тыс жалпы жиналысын тарату комиссиясы (таратушы) да шақыруы мүмкін.

16.05.03 ж. № 416-II (бұрынғы ред. қара); 2005.08.07. № 72-IІІ (бұр. ред. қара); 2006.05.05 № 139-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 46-бап өзгертілді

46-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысын шақыру тәртібі

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысын шақыратын орган немесе адам (адамдар) жиналысын ашылу күніне дейін он бес күннен кешіктірмей серіктестіктің атқарушы органы жүргізетін қатысушылардың тізбесінде көрсетілген мекен-жайы бойынша серіктестіктің әрбір қатысушысына оның өткізілетіндігі туралы жазбаша хабарлауға міндетті.

Хабарламада жиналыс өтетін уақыт пен орын, сондай-ақ ұсынылып отырған күн тәртібі көрсетілуге тиіс.

Серіктестік қатысушыларға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қосымша хабарлауға құқылы.

1-1. Жүз және одан да көп қатысушысы бар акционерлік қоғамнан қайта құрылған жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушылардың жалпы жиналысын шақыратын орган немесе тұлға (тұлғалар) оны өткізу туралы серiктестiкке қатысушыларды жиналыс ашылардан он бес күн бұрын хабардар етуге мiндеттi.

Жүз және одан да көп қатысушысы бар серiктестiкке қатысушылардың жалпы жиналысын өткізу туралы хабар серiктестiктiң жарғысында көрсетiлген баспасөз басылымында жариялануға тиiс.

Қатысушылар саны жүзден аз, қатысушылар тiзiлiмiн жүргiзудi тiркеушi жүзеге асыратын жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушылардың жалпы жиналысын шақыратын орган немесе тұлға (тұлғалар) жиналыс ашылатын күнге он бес күн қалғанда әрбiр серiктестiкке қатысушыға оның өткiзiлуi жөнiнде серiктестiкке қатысушылар тiзiлiмiнде көрсетiлген мекен-жай бойынша жазбаша хабарлауға мiндеттi.

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің кез келген қатысушысы жалпы жиналыстың күн тәртібі бойынша өз ұсыныстарын ол ашылғанға дейін он күннен кешіктірмей енгізуге құқылы. Дәл осындай мерзім ішінде жиынтығында жалпы дауыс санының жиырмадан бірінен астамын иеленетін серіктестікке қатысушылар өздері белгілеген мәселелерді жалпы жиналыстың күн тәртібіне енгізуді талап етуге құқылы. Бұл талапты орындау жалпы жиналысты шақырған орган немесе адамдар үшін міндетті.

Егер серіктестікке қатысушылардың ұсыныс жасауы немесе талап етуі бойынша жалпы жиналыстың бастапқы күн тәртібіне өзгерістер енгізілсе, жиналысты шақырған орган немесе адамдар жиналыс ашылғанға дейін жеті күннен кешіктірмей осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде аталған әдіспен серіктестіктің әрбір қатысушысына бұл өзгерістер туралы хабарлауға міндетті.

2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысын шақырушы орган немесе адам (адамдар) түскен ұсыныстарды қарап, жиналыстың ашылу күніне дейін он күннен кешіктірмей оларды жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының күн тәртібіне енгізу немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдауға міндетті. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысын шақырушы орган немесе адам (адамдар) ұсыныстар қабылданған жағдайда жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысы ашылғанға дейін жеті күннен кешіктірмей күн тәртібіне енгізілген өзгерістер туралы серіктестікке қатысушыларға хабарлауға, сондай-ақ жалпы жиналыстың күн тәртібіне өзгерістер немесе толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстар қабылданбаған жағдайда арыз берушіге бас тарту туралы дәлелді жауап беруге міндетті.

Егер ұсыныстарды жалпы жиналыстың күн тәртібіне енгізуден бас тарту және ол бойынша қабылданған шешім арыз берушінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, ол мұндай шешімге осы Заңның 50-бабында көзделген тәртіппен шағымдануға құқылы.

Жалпы жиналыстың күн тәртібіне «әр түрлі», «өзге де», «басқа» және осыларға ұқсас тұжырымдауларды қоса алғанда, жалпылама ұғымдағы мәселелерді енгізуге тыйым салынады.

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысын шақырушы орган немесе адам (адамдар) серіктестікке қатысушының жиналыстың ашылуына дейін он күннен кешіктірмей жіберілген талабы бойынша оған жазбаша түрде және жиналыстың ашылу күніне дейін жеті күннен кешіктірмей күн тәртібінің барлық мәселелері жөніндегі шешімдердің жобаларын, талқылануы күн тәртібіне енгізілген құжаттардың көшірмелерін, сондай-ақ серіктестік жарғысында не серіктестіктің ішкі қызметін реттейтін құжаттарда көзделген басқа да мәліметтерді жіберуге міндетті.

Осының алдындағы бөлікте көрсетілген құжаттар мен мәліметтер, сондай-ақ есеп беру кезеңіндегі қаржы есептемесі мен тексеру комиссиясының (тексерушінің) ол бойынша қорытындысы және (немесе) аудиторлық ұйымның есебі жалпы жиналыс өткізілетіні туралы хабарланған кезден бастап, бірақ жиналыс ашылғанға дейін он бес күннен кешіктірмей серіктестіктің атқарушы органының үй-жайында емін-еркін танысу үшін серіктестіктің барлық қатысушыларына тапсырылуға тиіс. Бұл орайда серіктестікке қатысушыларға өздеріне танысу үшін беріліп отырған құжаттардан көшірмелерді тегін түсіріп алу мүмкіндігі берілуге тиіс.

Алдыңғы үш жылдың қаржылық есептемелерін және олар бойынша тексеру комиссиясының (тексерушінің) қорытындысын және (немесе) аудиторлық ұйымның есебін серіктестіктің атқарушы органы сақтауға және кез келген уақытта серіктестіктің кез келген қатысушысына танысу үшін беруге тиіс. Серіктестікке қатысушылардың талап етуі бойынша оларға аталған құжаттардан куәландырылған көшірмелер беріледі.

  1. Қатысушысы жетеуден аз жауапкершілігі шектеулі серіктестік жарғысында осы бапта және осы Заңның 47-бабының 5-тармағында аталған мерзімдерден өзге мерзімдер көзделуі мүмкін.

47-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысын өткізу тәртібі

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының регламенті осы Заңға, серіктестік жарғысына, серіктестіктің ішкі қызметін реттейтін ережелерге және басқа құжаттарға сәйкес не тікелей жалпы жиналыспен белгіленеді.
  2. Жалпы жиналыс ашылар алдында оған келген жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушыларды және олардың өкілдерін тіркеу жүргізіледі. Қатысушылардың өкілдері тиісті өкілеттіктерін мәлімдеуге тиіс (осы Заңның 42-бабының 3 және 4-тармақтары). Тіркелмеген қатысушы (қатысушының өкілі) кворумды айқындау кезінде есепке алынбайды және оның дауыс беруге қатысуға құқығы жоқ.
  3. Серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысы оған келген қатысушылар мен олардың өкілдерінің тіркелу мәліметтері тиісті кворум бар деп болжауға жеткілікті негіз берген жағдайда, жарияланған уақытта ашылады.

Серіктестіктің барлық қатысушылары немесе олардың өкілдері тіркеліп болған, жиналыстың ашылу уақытының өзгертілгендігі туралы хабарландырылған және оған қарсылық болмаған жағдайды қоспағанда, жиналысты жарияланған уақыттан ерте ашуға болмайды.

  1. Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысына қатысып отырғандар немесе оған өкілдік алған қатысушылар жиынтығында жалпы дауыс санының жартысынан астамын иеленсе, ол заңды, ал кворум шарттары сақталған болып танылады. Күн тәртібіне енгізілген мәселе жөніндегі шешім дауыстың басым көпшілігімен немесе бірауыздан қабылдануға тиіс жағдайларда, егер серіктестікке қатысушылардың оған қатысып отырғандары немесе өкілдік алғандар жиынтығында жалпы дауыс санының үштен екісінен астамын иеленсе, жиналыстың шешім қабылдауға құқығы болады.
  2. Кворум болмаған жағдайда жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысы бірінші шақырылған күннен бастап қырық бес күннен кешіктірілмей қайта шақырылады. Жалпы жиналыс қайта шақырылған кезде осы Заңның 46-бабында белгіленген ережелер сақталуға тиіс.

Қайта шақырылған жиналыс серіктестікке қатысушылардың жиналысқа қатысып отырғандары немесе оған өкілдік алғандар иеленген дауыс санына қарамастан заңды болып табылады. Егер қатысып отырған немесе оған өкілдік алған қатысушылар жиынтығында жалпы дауыс санының жартысынан кемін иеленген жағдайда мұндай жиналыс дауыстың басым көпшілігін немесе бірауыздан берілуін қажет етпейтін мәселелер бойынша ғана шешімдер қабылдауға құқылы.

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысын атқарушы органның бірінші басшысы немесе оның міндетін атқарушы адам ашады. Байқаушы кеңес, тексеру комиссиясы (тексеруші) немесе серіктестікке қатысушылар (осы Заңның 45-бабының 2-тармағы) шақырған жиналысты тиісінше байқаушы кеңестің төрағасы, тексеру комиссиясының төрағасы (тексеруші) немесе олардың міндетін атқарушы адамдар, не жиналысты шақырған серіктестікке қатысушылардың бірі ашады.

Тарату комиссиясы (таратушы) шақырған жалпы жиналысты тарату комиссиясының төрағасы (таратушы) немесе оны ауыстыратын адам ашады.

  1. Жалпы жиналысты ашатын адам жалпы жиналыстың төрағалық етушісі мен хатшысының сайлауын өткізеді. Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестік жарғысында өзгеше көзделмесе, жалпы жиналыстың төрағалық етушісі мен хатшысын сайлау жөніндегі мәселе бойынша дауыс беру кезінде жиналыстың әрбір қатысушысының бір дауысы болады (жарғылық капиталдағы үлесіне қарамастан), ал шешім қатысушылар санының жай көпшілік дауысымен қабылданады.

Жиналысқа қатысып отырған серіктестіктің барлық қатысушылары атқарушы органға кіретін не серіктестіктің тексеру комиссиясының мүшелері (тексерушісі) болып табылатын жағдайларды қоспағанда, серіктестіктің атқарушы органының және оның тексеру комиссиясының мүшелері (тексеруші) қатысушылардың жалпы жиналысында төрағалық ете алмайды.

  1. Жалпы жиналыстың хатшысы жалпы жиналыстың хаттамасын жүргізуге жауап береді.

Хаттамаға жалпы жиналыстың төрағалық етушісі және хатшысы қол қояды. Барлық жалпы жиналыстардың хаттамалары серіктестіктің атқарушы органында сақталатын және кез келген уақытта жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің кез келген қатысушысына танысу үшін берілуге тиіс хаттамалар кітабына тігіледі. Серіктестікке қатысушылардың талап етуі бойынша оларға хаттамалар кітабына куәландырылған көшірмелер беріледі.

  1. Күн тәртібіне енгізілген мәселелерді талқылау басталғанға дейін жалпы жиналыс кворумды жария етуге міндетті. Бұл талапты сақтамау кворумның бар екендігі анықталғанға дейін жалпы жиналыс қабылдаған барлық шешімдердің заңсыз болып шығуына әкеп соғады.

Осы Заңның 43-бабы 2-тармағының 1), 4), 7), 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша дауыс беру кезінде, сондай-ақ серіктестік жарғысында немесе оның ішкі қызметін реттейтін ережелерде және өзге құжаттарда көзделген басқа жағдайларда тікелей дауыс беру алдында кворумды тағы да жария ету қажет.

 

48-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының шешімдер қабылдау тәртібі

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысы осы Заңның 46-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес қатысушыларға хабарланған күн тәртібінің мәселелері бойынша ғана шешім қабылдауға құқылы. Бұл орайда жалпы жиналыстың күн тәртібіне енгізілуін осы Заңның 46-бабының 2-тармағына сәйкес серіктестікке қатысушылар талап еткен мәселелер, егер жиналысты шақырушы орган немесе адамдар аталған тармақтың екінші бөлігінде көзделген міндеттерді орындамаса да, күн тәртібіне енгізілген болып саналады.
  2. Осы Заңның 43-бабы 2-тармағының 1), 7), 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша, сондай-ақ жауапкершілігі шектеулі серіктестік жарғысында белгіленген басқа да мәселелер бойынша шешімдер, егер серіктестік жарғысы олардың қабылдануы үшін сан жағынан көпшілік дауысты немесе бірауыздан дауыс беруді қажет етпесе, серіктестікке қатысушылардың жиналысқа қатысып отырғандары мен оған өкілдік алғандар дауысының төрттен үш басым көпшілік даусымен қабылданады.

Осы Заңның 43-бабы 2-тармағының 9) тармақшасы бойынша шешім қабылданған кезде үлесі мәжбүрлеу тәртібімен сатып алынатын қатысушы дауыс беруге қатыспайды және оған тиесілі дауыс саны есептеу кезінде ескерілмейді.

Егер серіктестік жарғысы шешімдер қабылдау үшін сан жағынан көпшілік дауысты немесе бірауыздан дауыс беруді қажет етпесе, қалған шешімдер серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысына қатысушылар мен оған өкілдік алғандардың жай көпшілік даусымен қабылданады.

  1. Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысында немесе серіктестіктің ішкі қызметін реттейтін ережелерде және өзге құжаттарда жасырын дауыс беру көзделмесе, серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады.

Жалпы жиналыстың шешімдері, дауыстың жалпы санының кемінде бестен бір бөлігіне ие серіктестікке қатысушылар жасырын дауыс беруді талап еткен жағдайда да, жасырын дауыс беру арқылы қабылдануға тиіс.

Жасырын дауыс беру кезінде оны өткізу рәсімі дауыстардың дәлме-дәл есептелуін және дауыс беру нәтижелерінің растығын қамтамасыз етуге тиіс.

 

49-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысын сырттай өткізу

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысында көзделген жағдайларда және жиынтығында дауыстардың жалпы санының төрттен үшінен астамын иеленген серіктестікке қатысушылардың тікелей келісім беруімен жалпы жиналыс хат, факсимильдік немесе электрондық хабарлар алмасу не барлық қатысушыларға қолайлы және жіберілетін әрі қабылданатын хабарлардың анықтығын қамтамасыз ететін байланыстың өзге құралдарын пайдалану арқылы сырттай сұрау салу жолымен өткізілуі мүмкін.

Сырттай өткізілетін жалпы жиналыстың осы Заңның 43-бабы 2-тармағының 1), 7) -10) тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға құқығы жоқ.

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысын сырттай өткізу кезінде осы Заңның 47-бабының 2, 3, 5 - 7 және 9-тармақтары мен 48-бабының 3-тармағы, сондай-ақ 46-бабы 1-3-тармақтарының ережелері оларда көзделген мерзімдерге қатысты бөліктерінде қолданылмайды.
  2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың сырттай өткізілетін жалпы жиналысы ұсынылып отырған күн тәртібі мен оған енгізілген мәселелер бойынша шешімдер жобаларын барлық қатысушыларға хабарлауды, дауысқа қою басталғанға дейін олардың әрқайсысына барлық қажетті құжаттармен танысу мүмкіндігін, күн тәртібі бойынша ұсыныстар енгізуді және оған белгілі бір мәселелерді енгізуді талап етуді, сондай-ақ дауысқа қоюдың алдында күн тәртібінің өзгергенін және талқыланатын мәселелер бойынша басқа қатысушылардың пікірлерін (сөздерін) хабарлауды қамтамасыз ететін рәсім бойынша өткізілуге тиіс.

 

2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 50-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)

50-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік органдарының шешімдеріне дау айту

Жалпы жиналысты өткізу мен шешімдер қабылдаудың осы Заңмен, серіктестік жарғысымен немесе серіктестіктің ішкі қызметін реттейтін ережелермен және өзге құжаттармен белгіленген тәртібін бұза отырып қабылданған жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының шешімін, сол сияқты жалпы жиналыстың заңға не серіктестік жарғысына қайшы келетін шешімін, соның ішінде серіктестікке қатысушының құқықтарын бұзатын шешімін, дауыс беруге қатыспаған немесе дау туғызған шешімге қарсы дауыс берген серіктестікке қатысушының арызы бойынша сот толық немесе ішінара заңсыз деп тануы мүмкін. Мұндай арыз серіктестікке қатысушы қабылданған шешім туралы білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап алты ай ішінде, ал егер ол шешім қабылдаған жалпы жиналысқа қатысса, онда жалпы жиналыстың бұл шешімді қабылдаған күнінен бастап алты ай ішінде берілуі мүмкін.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өзге де органдарының шешімдеріне дау айту осы баптың бірінші бөлігінде көзделген тәртіп пен мерзімдерде жүзеге асырылады.

 

51-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органы

  1. Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысында серіктестіктің алқалы атқарушы органын (дирекция, басқарма және т.с.с.) құру көзделмесе, серіктестіктің қызметіне ағымдағы басшылықты және оның ісін жүргізуді жеке-дара атқарушы орган (директор, басқарушы) жүзеге асырады.

Атқарушы органның алқалылығымен тікелей байланысты адамдарды қоспағанда, осы Заңның атқарушы орган мүшелері туралы ережелері жеке-дара атқарушы органға қолданылады.

  1. Атқарушы органның мүшесі өз міндеттерін орындау кезінде серіктестік мүддесі үшін адал және ақылға қонымды іс-әрекет етуге тиіс.
  2. Атқарушы органның мүшелерін белгіленген, бірақ бес жылдан аспайтын мерзімге жалпы жиналыс сайлайды.
  3. Серіктестіктің атқарушы органының мүшесі ретінде тек жеке тұлға ғана әрекет ете алады. Ол серіктестікке қатысушы болмауы да мүмкін.

 

52-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органының құзыреті

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органының құзыретіне осы Заңда, серіктестіктің жарғысында немесе жалпы жиналыс қабылдаған ережелерде және өзге құжаттарда белгіленген жалпы жиналыстың немесе байқаушы органдардың құзыретіне жатпайтын серіктестік қызметін қамтамасыз етудің барлық мәселелері жатады.

Серіктестіктің атқарушы органының құзыретіне жалпы жиналыстың ерекше құзыретіне жатпайтын, осы Заңның 43-бабының 3-тармағына сәйкес атқарушы органға берілген оның өкілеттіктері де жатады.

  1. Үшінші жақпен қатынасында жауапкершілігі шектеулі серіктестік өзінің атқарушы органының өкілеттіктеріне белгілеген шектеулеріне сілтеме жасауға құқылы емес. Алайда жауапкершілігі шектеулі серіктестік, егер мәміле жасау кезеңінде үшінші жақтың мұндай шектеулер туралы білгенін дәлелдесе, өзінің атқарушы органының белгіленген шектеулерді бұза отырып, үшінші жақпен жасаған мәмілесінің заңдылығына дау айтуға құқылы.
  2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органының мүшелері серіктестікке қатысушылардың кез келгенінің талап етуі бойынша олардың серіктестікке келтірген зияндарын өтеу жөнінде жауапқа тартылуы мүмкін. Бұл орайда олар серіктестікті бірлесіп, тиісті дәрежеде басқармауы душар еткен зияндар үшін ортақ жауапкершілікте болады.
  3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органы мүшелерінің серіктестікті тиісті дәрежеде басқармауы душар еткен серіктестіктің дәрменсіздігі (банкроттығы) салдарынан үшінші жақ шеккен зияндар үшін атқарушы органның мүшелері осы адамдар алдында серіктестікпен бірге ортақ субсидиялық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

 

53-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жеке-дара атқарушы органы

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жеке-дара атқарушы органы (директор, басқарушы және т.с.с.):

1) серіктестіктің атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

2) серіктестіктің өкілі болу құқығына сенімхаттар, соның ішінде қайта сенім арту құқығымен сенімхаттар береді;

3) серіктестік қызметкерлеріне қатысты оларды қызметке тағайындау туралы, оларды басқа жұмысқа ауыстыру және жұмыстан шығару туралы бұйрықтар шығарады, еңбекке ақы төлеу жүйелерін белгілейді, лауазымдық жалақы мен дербес үстемақылардың мөлшерін белгілейді, сыйақы беру мәселелерін шешеді, көтермелеу шараларын қолданады және тәртіптік жазалар қолданады;

4) осы Заңмен немесе серіктестіктің жарғысымен қатысушылардың жалпы жиналысының немесе байқаушы органдарының құзыретіне жатқызылмаған өзге де өкілеттіктерді, сондай-ақ оған серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысы берген өкілеттіктерді жүзеге асырады (осы Заңның 43-бабының 3-тармағы).

  1. Серіктестіктің жеке-дара атқарушы органы қызметінің және оның шешімдер қабылдау тәртібін серіктестіктің жарғысы, сондай-ақ қатысушылардың жалпы жиналысы қабылдаған ережелер мен өзге де құжаттар белгілейді.
  2. Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысына сәйкес оның істерін жүргізу алқалы атқарушы органға біріктірілмеген екі немесе бірнеше директорға (басқарушыға және т.с.с.) бір мезгілде тапсырылса, онда мұндай директорлардың (басқарушылардың және т.с.с.) әрқайсысы серіктестіктің атынан сенімхатсыз әрекет жасауға құқылы. Мұндай директорларға (басқарушыларға және т.с.с.) осы баптың ережелері қолданылады.

 

54-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің алқалы атқарушы органы

  1. Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысында алқалы атқарушы орган (дирекция, басқарма және т.с.с.) құру көзделген болса, мұндай органды, егер заң актілерінде немесе серіктестіктің жарғысында өзгеше белгіленбесе, жеті адамнан аспайтын құрамда серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысы сайлайды.
  2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің алқалы атқарушы органының басшысын, егер серіктестік жарғысында оны алқалы органның өзі сайлайтыны көзделмесе, серіктестіктің жалпы жиналысы сайлайды.
  3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің алқалы атқарушы органының басшысы осы органның жұмыс істеуін қамтамасыз етеді және оның отырыстарын басқарады. Ол осы Заңның 53-бабы 1-тармағының 1)-3) тармақшаларына сәйкес серіктестіктің жеке-дара атқарушы органына тиесілі құқықтарды иеленеді.
  4. Серіктестіктің алқалы атқарушы органы қызметінің және оның шешімдер қабылдау тәртібін серіктестіктің жарғысы, сондай-ақ қатысушылардың жалпы жиналысы қабылдаған ережелер мен өзге де құжаттар белгілейді.

 

55-бап. Атқарушы орган мүшелері мен жауапкершілігі шектеулі серіктестік мүдделерінің қақтығысы

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органының мүшелеріне:

1) жалпы жиналыстың келісімінсіз серіктестікпен одан мүліктік пайда табуға бағытталған мәмілелер (сыйға тарту, заем, тегін пайдалану, сатып алу-сату шарттарын және тағы басқаларын қоса) жасауға;

2) серіктестіктің үшінші жақпен жасаған мәмілелері үшін серіктестіктің өзінен де, үшінші жақтан да комиссиялық сыйақы алуға;

3) үшінші жақтың серіктестікпен арадағы қатынастарында олардың атынан немесе мүдделері үшін әрекет жасауға;

4) серіктестіктің қызметімен бәсекелесетін кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға тыйым салынады.

Серіктестіктің жарғысында оның атқарушы органының мүшелері үшін өзге де тыйым салулар көзделуі мүмкін.

  1. Осы баптың 1-тармағының 1)-3) тармақшаларында көзделген шектеулер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органы мүшелерінің зайыбына да, барлық тікелей кейінгі және ата-тегі тамыры бойынша туыстарына да, сондай-ақ туған аға-інілері мен апа-сіңлілеріне де қолданылады.
  2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке кез келген қатысушының атқарушы орган мүшелерінің немесе олардың осы баптың 2-тармағында аталған туған-туыстарының осы баптың 1-тармағында не тиісінше осы тармақтың 1)-3) тармақшаларында көзделген тыйым салуларды бұзуы келтірген зиянды серіктестікке өтеуін сотта талап етуге құқылы.

 

56-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті немесе оның мүлкін сенімгерлік басқаруға беру

Жауапкершілігі шектеулі серіктестік немесе оның мүлкі, егер серіктестіктің құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін.

 

57-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің байқаушы кеңесі

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органының қызметін бақылауды жүзеге асыру үшін серіктестіктің жарғысында серіктестікте байқаушы кеңес құру көзделуі мүмкін.
  2. Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысында тексеру комиссиясын (тексерушіні) сайлау көзделмесе, серіктестіктің байқаушы кеңесі осы Заңға сәйкес тексеру комиссиясына тиесілі барлық құқықтарды иеленеді.
  3. Серіктестіктің байқаушы кеңесінің мүшелерін белгіленген, бірақ бес жылдан аспайтын мерзімге жалпы жиналыс сайлайды.
  4. Байқаушы кеңестің мүшесі ретінде тек жеке тұлға ғана әрекет ете алады. Ол бір мезгілде серіктестіктің атқарушы органының мүшесі бола алмайды.
  5. Серіктестіктің байқаушы кеңесі қызметінің және оның шешімдер қабылдауының тәртібі серіктестіктің жарғысында, сондай-ақ жалпы жиналыс қабылдаған ережелерде және өзге құжаттарда белгіленеді.

Байқаушы кеңесте дауыс беру кезінде кеңестің әр мүшесі бір дауысқа ие болады.

  1. Серіктестіктің байқаушы кеңесі өзінің атқарушы органының қызметін бақылауды тиісті дәрежеде жүзеге асырмауы салдарынан жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен үшінші жаққа келтірілген зиян үшін байқаушы кеңестің мүшелері осы Заңның 52-бабының 3 және 4-тармақтарында көзделген ережелерге сәйкес жауап береді.

 

2006.05.05 № 139-III ҚР Заңымен 58-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)

58-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің тексеру комиссиясы (тексерушісі)

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органының қаржышаруашылық қызметін бақылауды және асыру үшін серіктестікке қатысушылар немесе олардың өкілдері арасынан тексеру комиссиясы құрылуы мүмкін.

Тексеру комиссиясы, егер серіктестіктің жарғысында оның мүшелері санының көбірек болуы көзделмесе, бес адамнан аспайтын құрамда құрылады.

Тексеру комиссиясының қызметін атқару серіктестікке қатысушылардың біреуіне немесе жеке-дара тексеруші ретінде оның өкіліне тапсырылуы мүмкін.

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің тексеру комиссиясын немесе жеке-дара тексерушісін жалпы жиналыс серіктестіктің жарғысында белгіленген, бірақ бес жылдан аспайтын мерзімге сайлайды.
  2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органының мүшелері бір мезгілде тексеру комиссиясының мүшелері (тексерушілері) бола алмайды.
  3. Тексеру комиссиясы (тексеруші) кез келген уақытта жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органының қаржы-шаруашылық қызметіне тексеру жүргізуге құқылы. Тексеру комиссиясы (тексеруші) осы мақсатта серіктестіктің барлық құжаттамасын ешқандай кедергісіз көру құқығына ие болады. Тексеру комиссиясының (тексерушінің) талап етуі бойынша атқарушы органның мүшелері ауызша немесе жазбаша түрде қажетті түсіндірмелер беруге міндетті.
  4. Тексеру комиссиясы (тексеруші) жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысы бекіткенге дейін серіктестіктің жылдық қаржылық есептемесіне міндетті түрде тексеру жүргізеді. Жалпы жиналыстың тексеру комиссиясының (тексерушінің) қорытындысы не аудиторлық есебі болмайынша жылдық қаржылық есептемені бекітуге құқығы жоқ (осы Заңның 59-бабы).
  5. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің тексеру комиссиясының (тексерушінің) жұмыс тәртібі жарғымен, сондай-ақ серіктестіктің ішкі қызметін реттейтін ережелермен және өзге де құжаттармен белгіленеді.

 

2006.05.05 № 139-III ҚР Заңымен 59-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)

59-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктегі сыртқы аудит

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жылдық қаржылық есептемелерінің дұрыстығын, сондай-ақ оның істерінің ағымдағы жай-күйін тексеру және растау үшін серіктестік өз жарғысында белгіленген жағдайларда және тәртіп бойынша серіктестікпен, оның атқарушы органының, байқаушы кеңесінің мүшелерімен немесе қатысушыларымен арада мүліктік мүдделермен байланысы жоқ аудиторлық ұйымды (сыртқы аудит) тартуға құқығы бар.
  2. Кәсіпкерлік қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын барлық жауапкершілік шектеулі серіктестіктер үшін қаржылық есептемелерге заңнамалық актілерімен міндетті түрде жылдық аудит жүргізу белгіленуі мүмкін.
  3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің кез келген қатысушысы серіктестіктің жылдық қаржылық есептемелеріне өз есебінен аудит жүргізуді талап етуге құқылы.
  4. Егер аудит міндетті болған кезде не оны жүргізуді серіктестікке қатысушы талап еткен кезде жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органы серіктестіктің жылдық қаржылық есептемелеріне аудит жүргізуден жалтарса, аудит кез келген мүдделі адамның не серіктестікке қатысушының өтініші бойынша қабылданған сот шешімімен белгіленуі мүмкін.

 

60-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ашық қаржылық есептемесі

Заң актілерінде кәсіпкерлік қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер үшін тиісті жылдық қаржылық есептемелерді жалпы жұрттың назарына ұсыну үшін жариялаудың міндеттілігі көзделуі мүмкін.

 

2008.05.07. № 58-IV ҚР Заңымен 60-1-баппен толықтырылды

60-1-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ақпарат беруі

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органы сотта корпоративтік дау бойынша іс қозғалғаны туралы серіктестіктің барлық қатысушыларын хабардар етуге міндетті.
  2. Серіктестіктің қатысушыларына сотта корпоративтік дау бойынша іс қозғалғаны туралы ақпарат серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының шешімінде көзделген тәртіппен (егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе), серіктестік соттың тиісті хабарламасын немесе корпоративтік дау бойынша азаматтық іске шақыруды алған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірілмей берілуге тиіс.

 

VI-тарау. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті қайта ұйымдастыру және тарату

 

61-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті қайта ұйымдастыру

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті қайта ұйымдастыру (қосу, біріктіру, бөлу, бөліп шығару, қайта құру) серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының шешімі бойынша ерікті түрде жүзеге асырылуы мүмкін.

Үлесті иеліктен айыру немесе серіктестікке қатысушылар құрамының өзге де өзгерісі серіктестікті қайта ұйымдастыру болып табылмайды.

  1. Заң актілерінде белгіленген жағдайларда жауапкершілігі шектеулі серіктестікті бөлу немесе оның құрамынан бір немесе бірнеше серіктестікті бөліп шығару нысанында серіктестікті қайта ұйымдастыру уәкілетті мемлекеттік органдардың шешімі бойынша немесе соттың шешімі бойынша жүзеге асырылады.
  2. Заң актілерінде белгіленген жағдайларда қосу немесе біріктіру нысанында жауапкершілігі шектеулі серіктестікті қайта ұйымдастыру уәкілетті мемлекеттік органдардың келісімімен ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
  3. Егер заң актілерінде немесе қайта ұйымдастыру туралы шешімде өзгеше көзделмесе, қайта ұйымдастырылған серіктестіктің мүлкі оны тіркеу кезінде оның құқықтық мұрагеріне ауысады.

 

62-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді қосу, біріктіру

  1. Екі немесе бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестікті қосу осы серіктестіктердің мүлкін толық біріктіру арқылы жүзеге асырылады. Қосу нәтижесінде жаңа серіктестік пайда болады. Жаңа серіктестіктің құрамына кірген серіктестіктер өз қызметін тоқтатады. Бұл орайда серіктестіктерді қосуға қатысушылардың әрқайсысының барлық құқықтары мен міндеттері өткізу актісіне сәйкес жаңадан пайда болған серіктестікке ауысады.
  2. Бір немесе бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің басқа жауапкершілігі шектеулі серіктестікке бірігуі қосылатын серіктестіктердің мүлкін қосып алушы серіктестіктің мүлкіне енгізу арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте бірігуші серіктестіктер тоқтатылады, ал олардың барлық құқықтары мен міндеттері өткізу актісіне сәйкес біріктіруші серіктестікке ауысады, оның жарғысына қайта ұйымдастыруға байланысты өзгерістер енгізіледі.
  3. Қосуға, бірігуге қатысушы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің атқарушы органдары қосу, бірігу туралы шарттардың жобаларын дайындайды және қосу, бірігу туралы мәселені әрбір серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының қарауына және қосу, бірігу туралы шартты бекітуіне енгізеді.

Қосу, бірігу туралы шарттың келісілген мәтініне серіктестіктердің осыған уәкілетті атқарушы органдары қол қояды.

Қосу, бірігу туралы шарт қосуға, бірігуге қатысушы әрбір серіктестіктің фирмалық атауы, орналасқан жері мен мекен-жайы туралы мәліметтерді, олардың баланстарының негізгі деректерін қамтуға, сондай-ақ онда қосудың, бірігудің тәртібі мен жағдайлары көзделуге тиіс.

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді қосуға, бірігуге қатысушылардың әрқайсысы өз қатысушыларының жалпы жиналысы қосу, бірігу туралы шешім қабылдаған күннен бастап екі ай мерзім ішінде өзінің барлық кредит берушілеріне қосу, бірігу туралы жазбаша хабарлама жіберуге және ресми баспасөз органдарында тиісті хабарландыру беруге міндетті. Хабарламаға (хабарландыруға) қосуға, бірігуге қатысушы басқа серіктестіктер туралы осы баптың 3-тармағында аталған мәліметтер қоса тіркеледі.

Серіктестіктің кредит берушілері хабарлама алған немесе хабарландыру жарияланған күннен бастап екі ай мерзім ішінде серіктестіктен қосымша кепілдіктерді не серіктестіктің тиісті міндеттемелерді мерзімінен бұрын тоқтатуын немесе орындауын және зияндарды өтеуін талап етуге құқылы. Талаптар серіктестікке жазбаша түрде жіберіледі, ал олардың көшірмелері серіктестікті мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған органға берілуі мүмкін.

  1. Қосуға, бірігуге қатысушы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің әрқайсысы өз қатысушыларының жалпы жиналысы қосу, бірігу туралы шешім қабылдаған кезден бастап, шешім қабылданғаннан кейін пайда болатын міндеттемелер бойынша кредит берушілерге бұл шешім туралы хабарлауға міндетті.

Серіктестіктердің қосылуы, бірігуі туралы шарттың негізінде қосылушы, бірігуші серіктестіктерге қатысушылар құрылтай шартын әзірлеп, құрылтай жиналысында оған қол қояды, ал қосылған кезде жаңадан құрылып жатқан серіктестіктің жарғысын бекітіп, серіктестіктің атқарушы және өзге де органдарын сайлайды.

 

63-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті бөлу, бөліп шығару

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті бөлу осы серіктестіктің мүлкін жаңадан пайда болатын екі немесе бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестік арасында бөлу арқылы жүзеге асырылады. Бұл орайда бөлінетін серіктестіктің құқықтары мен міндеттері бөлу балансына сәйкес жаңадан пайда болатын серіктестіктерге ауысады.
  2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен бір немесе бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестікті бөліп шығару серіктестік мүлкінің бір бөлігін бөліп шығарып, оны жаңадан пайда болатын бір немесе бірнеше серіктестікке беру арқылы жүзеге асырылады. Бұл орайда қайта ұйымдастырылып отырған серіктестіктің құқықтары мен міндеттерінің бір бөлігі бөлу балансына сәйкес жаңадан пайда болатын серіктестіктерге ауысады.
  3. Қайта ұйымдастырылып отырған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органы бөлу, бөліп шығару жоспары мен жаңадан пайда болатын серіктестіктер жарғыларының жобаларын дайындайды және қатысушылардың жалпы жиналысының қарауына серіктестікті бөлу, бөліп шығару туралы, бөлу, бөліп шығару жоспарын, жаңадан пайда болатын серіктестіктердің жарғылары мен бөлу балансын бекіту туралы, сондай-ақ жаңадан пайда болатын серіктестіктердің атқарушы және өзге де органдарын сайлау туралы мәселелерді енгізеді.
  4. Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысында өзгеше көзделмесе, оны бөлу, бөліп шығару кезінде әрбір қатысушы жаңадан пайда болатын әрбір серіктестіктің жарғылық капиталынан қайта ұйымдастырылып жатқан серіктестіктің жарғылық капиталындағы өз үлесіне тең үлес алуға құқылы.
  5. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік өз қатысушылардың жалпы жиналысы бөлу, бөліп шығару туралы шешім қабылдаған кезден бастап бұл шешім туралы кредит берушілерге шешім қабылданғаннан кейін пайда болатын міндеттемелер жөнінде хабарлауға міндетті.
  6. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік өз қатысушыларының жалпы жиналысы бөлу, бөліп шығару туралы шешім қабылдаған күннен бастап екі ай мерзім ішінде өзінің барлық несие берушілеріне бөлу, бөліп шығару туралы жазбаша хабарлама жіберуге және ресми баспасөз органдарында тиісті хабарландыру жариялауға міндетті. Хабарламаға (хабарландыруға) бөлу балансы, сондай-ақ жаңадан пайда болатын әрбір серіктестіктің фирмалық атауы, орналасқан жері мен мекен-жайы туралы мәліметтер қоса тіркеледі.
  7. Қайта ұйымдастырылып жатқан жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің кредит берушілері хабарлама алған (хабарландыру жарияланған) күннен бастап екі ай мерзім ішінде серіктестіктен тиісті міндеттемелерді мерзімінен бұрын тоқтатуды немесе орындауды және зияндарды өтеуді талап етуге құқылы. Талаптар серіктестікке жазбаша түрде жіберіледі, ал олардың көшірмелері серіктестікті мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған органға берілуі мүмкін.
  8. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті бөлу, бөліп шығару нәтижесінде пайда болған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер жаңа серіктестіктер тіркелген кезден бастап бір жыл бойы оның міндеттемелері бойынша ортақ жауапкершілікте болады.

 

64-бап. Уәкілетті мемлекеттік органның немесе соттың жауапкершілігі шектеулі серіктестікті мәжбүрлеп бөлу, бөліп шығару туралы шешімін орындамаудың салдарлары

  1. Егер соттың шешімі бойынша мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру кезінде бөлуді, бөліп шығаруды жүргізуге уәкілетті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органдары соттың шешімінде белгіленген мерзімде серіктестікті бөлуді, бөліп шығаруды жүзеге асырмаса, сот серіктестік мүлкіне сенімгер басқарушы тағайындап, оған қайта ұйымдастырылатын серіктестіктің мүлкі есебінен осы серіктестікті бөлуді, бөліп шығаруды тапсырады.
  2. Сенімгер басқарушы тағайындалған кезден бастап жауапкершілігі шектеулі серіктестікті басқару жөніндегі өкілеттік соған ауысады.
  3. Сенімгер басқарушы сотта жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атынан әрекет етеді, бөлу балансын жасайды және оны бөлу, бөліп шығару нәтижесінде пайда болатын серіктестіктердің құрылтай құжаттарымен бірге соттың бекітуіне береді. Соттың аталған құжаттарды бекітуі жаңадан пайда болатын серіктестіктерді мемлекеттік тіркеуге негіз болып табылады.

 

ҚР 16.07.99 ж. № 436-1 Заңына сәйкес 65-бап өзгертілді

65-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті қайта құру

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік өзге шаруашылық серіктестік, акционерлік қоғам немесе өндірістік кооператив болып қайта құрылуға құқылы, өткізу актісіне сәйкес қайта құрылатын серіктестіктің барлық құқықтары мен міндеттері соған ауысады.
  2. Қайта құрылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органы қайта құрудың тәртібі мен шарттарын белгілейтін қайта құру жоспары мен жаңадан пайда болатын акционерлік қоғам заңды тұлға жарғысының жобасын дайындайды және серіктестікті қайта құру, қайта құрудың жоспары мен жарғыны бекіту, сондай-ақ жаңадан пайда болатын серіктестіктің немесе өндірістік кооперативтің атқарушы және өзге органдарын сайлау туралы мәселелерді қатысушылардың жалпы жиналысының шешім шығаруына енгізеді.

2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен бап 3-тармақпен толықтырылды

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті қайта құру нәтижесінде құрылған акционерлік қоғам қоғамның акцияларын тек қана жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қатысушылары арасында орналастырады (сатады). Қайта құрылған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қатысушыларына берілетін акциялардың саны әрбір қатысушының үлесінің баланстық құнының қайта ұйымдастырылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің меншікті капиталының жалпы мөлшеріне арақатынасы негізінде айқындалады.

2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен бап 4-тармақпен толықтырылды

  1. Құрылатын акционерлік қоғамның жарғылық капиталы оған қабылдау-тапсыру актісіне сәйкес берілген активтер мен міндеттемелер арасындағы айырмаға тең болады және «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс.

 

66-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті қайта ұйымдастыруды жақтап дауыс бермеген қатысушылардың үлестерін сатып алу

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысы серіктестікті қайта ұйымдастыру туралы мәселені шешкен кезде оған қатыспаған не мұндай шешімге қарсы дауыс берген серіктестікке қатысушылар өз үлестерін серіктестіктің қайта ұйымдастырылуын жақтап дауыс берген қатысушылардың сатып алуын талап етуге құқылы.
  2. Үлесті сатып алу тиісті талап мәлімденген күннен бастап бір ай ішінде жүзеге асырылуға тиіс. Үлесті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қайта ұйымдастырылуын жақтап дауыс берген қатысушылар, егер олардың сатып алу туралы талапты мәлімдеген қатысушының үлесін толық сатып алуды қамтамасыз ететін келісімінде өзгеше белгіленбесе, серіктестіктің жарғылық капиталындағы өз үлестеріне бара-бар бөліктерде сатып алады. Үлестің сатып алынатын бағасы осы Заңның 32-бабының ережелеріне сәйкес белгіленеді.
  3. Үлесті сатып алу туралы талапты мәлімдейтін жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушы мұндай талаптың көшірмесін осы Заңның 67-бабына сәйкес тіркеуді жүзеге асыратын органға жіберуге құқылы. Үлесті сатып алу туралы талаптың көшірмесі аталған органға келіп түскен жағдайда тіркеу тек мәлімдеуші үлестің сатып алыну дәлелін бергенде немесе талапты мәлімдеген қатысушының тіркеуге қарсылығы болмаған жағдайда ғана жүргізіледі.

67-бап. Қайта ұйымдастыру нәтижесінде пайда болатын серіктестікті мемлекеттік тіркеу

2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)

  1. Қайта ұйымдастыру нәтижесінде пайда болатын жауапкершілігі шектеулі серіктестікті мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
  2. ҚР 18.03.04 ж. № 537-II Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
  3. Қайта ұйымдастыру нәтижесінде пайда болатын жауапкершілігі шектеулі серіктестікті мемлекеттік тіркеуді заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын орган қайта ұйымдастыруға қатысушы серіктестіктерге қойылатын талаптарды мәлімдеу үшін кредит берушілерге берілген мерзім өткеннен кейін жүргізеді (осы Заңның 62-бабының 4-тармағы, 63-бабының 7-тармағы). Егер заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органға серіктестіктерді қайта ұйымдастыруға қатысушы кредит берушілер талаптарының көшірмелері келіп түссе, жаңадан пайда болатын серіктестік бұл талаптардың орындалуының немесе оларды мәлімдеген кредит берушілердің қайта ұйымдастыруға қарсылықтары жоқ екендігінің дәлелдерін берген жағдайда тіркеледі.
  4. Егер қайта құруға қатысушы соңғы жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысы қайта құру туралы шешім қабылданған күннен бастап бір жыл ішінде мемлекеттік тіркеу туралы арыз берілмесе не қажетті дәлелдер ұсынылмаса (осы баптың 3-тармағы), қайта ұйымдастыру жүргізілмеді деп есептеледі.
  5. ҚР 18.03.04 ж. № 537-II Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
  6. Егер қосу, бірігу нәтижесінде жаңадан пайда болған жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың саны осы Заңның 9-бабында белгіленген шектен асып кетсе, 69-баптың 2-тармағында көзделген салдарлар мұндай серіктестікке ол мемлекеттік тіркеуден өткен кезден бастап бір жыл өткеннен кейін ғана қолданылуы мүмкін.

68-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті тарату

  1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік оның қатысушыларының жалпы жиналысының шешімімен таратылуы мүмкін.
  2. Сот шешімі бойынша жауапкершілігі шектеулі серіктестік:

1) банкрот болған;

2) серіктестікті құру кезінде жоюға болмайтын сипатта заң бұзушылыққа жол берілуіне байланысты оның тіркелуі жарамсыз деп танылған;

3) қызметті тиісті рұқсатсыз (лицензиясыз) немесе заң актілерімен тыйым салынған қызметті не заңдарды бірнеше рет немесе өрескел бұза отырып жүзеге асырған жағдайларда;

4) заң актілерінде көзделген басқа да жағдайларда таратылуы мүмкін.

2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

  1. Банкроттық жағдайларын қоспағанда, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жалғыз қатысушысы болып табылатын заңды тұлға таратылған жағдайда мұндай серiктестiк таратылуға тиiс. Бұл орайда серiктестiк құрылтайшысын таратуды жүргiзетiн тарату комиссиясының (таратушының) өтiнiшi бойынша сот серiктестiктi тарату жөнiндегi тарату комиссиясын (таратушыны) тағайындайды.
  2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті осы баптың 2-тармағында аталған негіздер бойынша тарату туралы талапты сотқа, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, мүдделі адамдар қоюы мүмкін.
  3. Соттың жауапкершілігі шектеулі серіктестікті тарату туралы шешімімен таратуды жүзеге асыру жөніндегі міндеттер серіктестіктің өзіне; серіктестіктің уәкілетті органына; оның құрылтай құжаттарымен серіктестікті таратуға уәкілетті органға, не сот тағайындаған өзге органға (адамға) жүктелуі мүмкін.

ҚР 16.07.99 ж. № 436-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 69-бап өзгертілді

69-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қызметін тоқтату

  1. Осы Заңның 61, 68-баптарында аталған негіздерді қоспағанда, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қызметін тоқтатуға:

1) алынып тасталды

2) егер жарғылық капиталды азайту нәтижесінде оның мөлшері осы Заңның 23-бабының 2-тармағында көзделген ең төменгі мөлшерден аз болып қалған;

3) егер қатысушылар осы Заңның 24-бабының 2-тармағында белгіленген мерзімде серіктестіктің жарғылық капиталын құрмаған жағдайлар негіз болуы мүмкін.

  1. алынып тасталды
  2. Жарғылық капиталды азайту нәтижесінде оның мөлшері осы Заңның 23-бабының 2-тармағында көзделген ең төменгі мөлшерден аз болып қалған жағдайда, сондай-ақ қатысушылар осы Заңның 24-бабының 2-тармағында белгіленген мерзімде серіктестіктің жарғылық капиталын құрмаса, қатысушылар бір жыл ішінде жарғылық капиталға тиісті қосымша салымдар енгізуі қажет. Бұлай болмаған жағдайда серіктестік мүдделі адамдардың өтініші бойынша сот шешімімен таратылуға тиіс.

 

Қазақстан Республикасының

Президенті Н. Назарбаев