Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы» Заңы Ғылым туралы

Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы» Заңы

Ғылым туралы

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 18 ақпандағы N 407-IV Заңы

 

"Егемен Қазақстан" 2011 жылғы 25 ақпандағы № 59-61 (26463); "Казахстанская правда" от 23.02. 2011 г., № 66-67 (26487-26488); Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2011 ж., № 4 (2581), 36-құжат


Қолданушылар назарына!
Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшiн РҚАО мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ

РҚАО-ның ескертпесi!
Осы Заңның қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 31-баптан қараңыз.

Осы Заң ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi, Қазақстан Республикасы ұлттық ғылыми жүйесiнiң жұмыс iстеуiнiң және оны дамытудың негiзгi қағидаттары мен тетiктерiн айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) аккредиттеу - нәтижесiнде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектiлерi өз қызметiнiң Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптар мен стандарттарға сәйкестiгiн ресми тануды иеленетiн рәсiм;
2) ғалым - ғылыми зерттеулердi жүзеге асыратын әрi ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерiне қол жеткiзетiн жеке адам;
3) ғылым - функциясы табиғи байлықтарды ұтымды пайдалану және қоғамды тиiмдi басқару мақсатында табиғат, қоғам және ойлау заңдарын зерделеу, болмыс туралы объективтi бiлiмдi тұжырымдау және теориялық жағынан жүйелеу болып табылатын адам қызметiнiң саласы;
4) ғылым жөнiндегi ұлттық баяндама - әлемдiк және ұлттық ғылымның жай-күйi мен даму үрдiстерiн талдауды, Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық әлеуетiн жетiлдiру жөнiндегi ұсыныстарды, ғылымды дамытудың басым бағыттарын негiздеудi қамтитын жыл сайынғы есеп;
5) ғылыми-бiлiм беру консорциумы - ғылыми ұйымдар, жоғары оқу орындары және басқа да заңды тұлғалар, оның iшiнде өндiрiс саласында жұмыс iстейтiн басқа да заңды тұлғалар iргелi, қолданбалы ғылыми зерттеулердi жүргiзу, технологиялық инновацияларды әзiрлеу және жоғары бiлiктi мамандарды даярлау үшiн зияткерлiк, қаржылық және өзге де ресурстарды бiрiктiретiн бiрлескен шаруашылық және ғылыми қызмет туралы шарт негiзiндегi ерiктi тең құқықты уақытша бiрлестiк;
6) ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарлама бойынша бас ұйым - нысаналы ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламаны iске асыруға арналған конкурстың қорытындылары бойынша мемлекеттiк уәкiлеттi орган айқындайтын әрi iргелi және қолданбалы зерттеулердiң ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламасын iске асыруды сүйемелдеудi және орындалатын бағдарламаның шеңберiнде орындаушы ұйымдардың қызметiн үйлестiрудi жүзеге асыратын заңды тұлға;
7) ғылыми, ғылыми-техникалық жоба мен бағдарлама - болжанған ғылыми-техникалық жұмыс мазмұнын қамтитын, жоспарланған жұмыстарды жүргiзудiң мақсаттары мен мiндеттерi, өзектiлiгi, жаңалығы, ғылыми-практикалық маңыздылығы мен орындылығы негiзделген ғылыми, ғылыми-техникалық, тәжiрибелiк-конструкторлық, маркетингтiк зерттеулердi бiлдiретiн құжат;
8) ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттiк саясат - мемлекеттiң ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметке қатынасын бiлдiретiн, ғылым мен техника саласындағы әртүрлi ұйымдар қызметiнiң, ғылыми-техникалық жетiстiктердi iске асырудың, жаңа технологиялар жасаудың, оның iшiнде ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатындағы негiзгi басымдықтарын, мақсаттарын, бағыттарын, қағидаттарын, нысандары мен әдiстерiн айқындайтын әлеуметтiк-экономикалық саясаттың құрамдас бөлiгi;
9) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет есебi - ғылыми-техникалық жұмыстың iске асырылуы туралы ақпаратты, ғылыми, ғылыми-техникалық, тәжiрибелiк-конструкторлық, маркетингтiк зерттеулердi, сондай-ақ жоспарланған жұмыстардың әрi қарай жүргiзiлуiнiң орындылығы туралы не аяқталған ғылыми, ғылыми-техникалық жоба мен бағдарлама нәтижесi туралы ақпаратты қамтитын құжат;
10) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтiң нәтижесi - ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтi орындау барысында алынған және кез келген ақпарат жеткiзгiште тiркелген жаңа бiлiм немесе шешiмдер, ғылыми әзiрлемелер мен технологияларды өндiрiске енгiзу, сондай-ақ жаңа бұйымдардың, материалдар мен заттардың модельдерi, макеттерi, үлгiлерi;
11) ғылыми-зерттеу жұмысы - бар бiлiмдi кеңейту және жаңа бiлiм алу, ғылыми гипотезаларды тексеру, табиғат пен қоғам дамуының заңдылықтарын анықтау, жобаларды ғылыми жинақтау, ғылыми негiздеу мақсатында ғылыми iзденiспен, зерттеулер, эксперименттер жүргiзумен байланысты жұмыс;
12) ғылыми зерттеулер - ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерiне қол жеткiзу мақсатында ғылыми-зерттеу, тәжiрибелiк-конструкторлық және технологиялық жұмыстар шеңберiнде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектiлерi тиiстi ғылыми әдiстермен және құралдармен жүзеге асыратын қолданбалы, iргелi, стратегиялық ғылыми зерттеулер;
13) ғылыми инфрақұрылым - ғылыми ұйымның балансындағы ғылыми зертханалық және инженерлiк жабдық, тәжiрибелiк-өнеркәсiптiк өндiрiс, бiрегей объектiлер, сондай-ақ өзге де жылжымалы және жылжымайтын мүлiк;
14) ғылым кандидаты, ғылым докторы - iзденушiлердiң диссертациялар қорғауы негiзiнде берiлген ғылыми дәрежелер;
15) ғылыми қызмет - зерделенетiн объектiлерге, құбылыстарға (процестерге) тән қасиеттердi, ерекшелiктер мен заңдылықтарды анықтау мақсатында қоршаған болмысты зерделеуге және алынған бiлiмдi практикада пайдалануға бағытталған қызмет;
16) ғылыми қызметкер - ғылыми ұйымда, жоғары оқу орнында немесе ұйымның ғылыми бөлiмшесiнде жұмыс iстейтiн, жоғары бiлiмi бар, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижесiне қол жеткiзетiн және оны iске асыратын жеке адам;
17) ғылыми-техникалық ақпарат - ғылыми, ғылыми-техникалық, инновациялық және өндiрiстiк қызмет барысында алынатын, ғылымның, техниканың, технологиялардың ұлттық және шетелдiк жетiстiктерi туралы мәлiметтердi қамтитын ақпарат;
18) ғылыми-техникалық қызмет - технологиялық, конструкторлық, экономикалық пен әлеуметтiк-саяси және өзге де мiндеттердi шешу үшiн ғылымның, техника мен өндiрiстiң барлық саласында жаңа бiлiм алуға және оны қолдануға, осы зерттеулердi жүргiзу үшiн қажеттi нормативтiк-техникалық құжаттама әзiрлеудi қоса алғанда, ғылымның, технологияның және өндiрiстiң бiртұтас жүйе ретiнде жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге бағытталған қызмет;
19) ғылым саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) - ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласында салааралық үйлестiрудi және басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
20) зияткерлiк меншiк - азаматтың немесе заңды тұлғаның ғылыми-зерттеу, тәжiрибелiк-конструкторлық және технологиялық жұмыстардың нәтижесiнде алынған зияткерлiк шығармашылық қызмет нәтижелерiне және азаматтық айналымға қатысушыларды, тауарларды, жұмыстарды немесе көрсетiлетiн қызметтердi дараландыру құралдарына айрықша құқығы;
21) инженерлiк-техникалық қызметкер - ғылыми ұйымда немесе жоғары оқу орнында жұмыс iстейтiн, кәсiптiк орта немесе жоғары бiлiмi бар, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижесiне қол жеткiзуге және оны iске асыруға жәрдемдесетiн жеке адам;
22) қауымдастырылған профессор (доцент), профессор - ғылыми ұйымның немесе жоғары оқу орнының қолдаухаты бойынша уәкiлеттi орган беретiн ғылыми атақтар;
23) қолданбалы зерттеу - практикалық мақсаттарға қол жеткiзу және нақты мiндеттердi шешу үшiн жаңа бiлiм алуға және оны қолдануға бағытталған қызмет;
24) салалық уәкiлеттi орган - ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруды және тиiстi салада ғылыми зерттеулер жүргiзу жөнiндегi жұмыстарды үйлестiрудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
25) стратегиялық зерттеулер - стратегиялық мiндеттердi шешуге бағытталған iргелi не қолданбалы зерттеулер;
26) тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстар - өнiмдi жасау немесе жаңғырту кезiнде орындалатын жұмыстар кешенi, тәжiрибелiк үлгiлерге арналған конструкторлық және технологиялық құжаттаманы әзiрлеу, тәжiрибелiк үлгiлер мен пайдалы модельдердi дайындау және сынау;
27) тәжiрибелiк өндiрiс - негiзгi қызметi тәжiрибелiк үлгiлер мен пайдалы модельдердi, жаңа өнiмдер мен технологиялық процестердi дайындау және байқаудан өткiзу болып табылатын ғылыми ұйымдардың, жоғары оқу орындарының құрылымдық бөлiмшесi немесе заңды тұлға;
28) философия докторы (PhD), бейiнi бойынша доктор - тиiстi мамандықтар бойынша докторантураның кәсiптiк бiлiм беру бағдарламаларын меңгерген және диссертация қорғаған адамдарға берiлетiн ғылыми дәреже;
29) iргелi зерттеу - табиғат, қоғам, адам дамуының негiзгi заңдылықтары мен олардың өзара байланысы туралы жаңа ғылыми бiлiм алуға бағытталған теориялық және (немесе) эксперименттiк зерттеу.

2-бап. Қазақстан Республикасының ғылым туралы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының ғылым туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру қаражатынан жүзеге асырылатын ғылыми зерттеулердi жүргiзу бөлiгiнде осы Заңмен реттелген құқық қатынастарға сатып алуды, оның iшiнде мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру тәртiбiне қойылатын талаптарды белгiлейтiн Қазақстан Республикасы заңнамасының күшi қолданылмайды.
3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

2-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ОРГАНДАРДЫҢ ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰЗЫРЕТI

      3-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi

Қазақстан Республикасының Үкiметi:
1) ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және оның жүзеге асырылуын ұйымдастырады;
2) әлеуметтiк-экономикалық дамудың басымдықтарына сәйкес ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтiң басым бағыттарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы стратегиялық, iргелi және қолданбалы ғылыми зерттеулердiң басым бағыттарын айқындайды;
3) Қазақстан Республикасының Президентiне ғылым жөнiндегi жыл сайынғы ұлттық баяндаманы енгiзедi;
4) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектiлерiн аккредиттеу қағидаларын бекiтедi;
5) Қазақстан Республикасының Үкiметi жанындағы Қазақстан Республикасының Жоғары ғылыми-техникалық комиссиясын (бұдан әрi - Жоғары ғылыми-техникалық комиссия) құрады және оның ережесi мен құрамын бекiтедi;
6) ғылым бағыттары бойынша ұлттық ғылыми кеңестердi құрады, ұлттық ғылыми кеңестердiң тiзбесiн, ережесi мен құрамын бекiтедi;
7) Мемлекеттiк ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығын құрады;
8) зерттеу университетi мәртебесiн бередi және оның даму бағдарламасын бекiтедi;
9) мемлекеттiк ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргiзу тәртiбiн бекiтедi;
10) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтi базалық, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру тәртiбiн бекiтедi;
11) базалық қаржыландыру субъектiлерi болып табылатын ұйымдардың тiзбесiн бекiтедi;
12) ғылым саласындағы сыйлықтарды, мемлекеттiк ғылыми стипендияларды тағайындайды және оларды беру тәртiбiн бекiтедi;
13) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтi қаржыландыратын заңды тұлғаларды айқындайды;
14) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтi базалық қаржыландырудың нормаларын бекiтедi;
15) мемлекеттiк бюджеттен қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды және олардың орындалуы жөнiндегi есептердi мемлекеттiк есепке алу қағидаларын бекiтедi;
16) ғылыми зерттеулердi және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды мемлекеттiк-жеке әрiптестiк негiзiнде ұйымдастыру және жүргiзу тәртiбiн бекiтедi;
17) Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

4-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

Уәкiлеттi органның құзыретiне:
1) елдiң әлеуметтiк-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуының мақсаттары мен басымдықтарын ескере отырып, ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттiк саясатты қалыптастыру және iске асыру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
2) мемлекеттiк бюджеттен қаржыландырылатын iргелi және қолданбалы ғылыми зерттеулердiң ғылыми, ғылыми-техникалық жобалары мен бағдарламаларын үйлестiру;
3) Қазақстан Республикасындағы iргелi және қолданбалы ғылыми зерттеулердiң басым бағыттарын әзiрлеу;
4) Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның қызметiн қамтамасыз ету;
5) мемлекеттiк бюджет есебiнен iске асырылатын iргелi және қолданбалы ғылыми зерттеулердiң ғылыми, ғылыми-техникалық жобалары мен бағдарламаларын әзiрлеудi және олардың қалыптастыру, орындау және аяқтау сатыларында iске асырылуын жүзеге асыруды ұйымдастыру;
6) мемлекеттiк ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргiзу қағидаларын әзiрлеу;
7) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектiлерiн аккредиттеу қағидаларын әзiрлеу, сондай-ақ оларды аккредиттеуден өткiзу;
8) Қазақстан Республикасының Үкiметiне ұлттық ғылыми кеңестердiң тiзбесi мен құрамы жөнiнде ұсыныстар енгiзу;
9) ұлттық ғылыми кеңестердiң қызметiн үйлестiру;
10) салалық уәкiлеттi органдардың ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар шеңберiнде жүзеге асыратын жұмысын үйлестiру;
11) мүшелерiн сайлау тәртiбiн қоса алғанда, ғылыми ұйымның консультативтiк-кеңесшi органы туралы үлгi ереженi бекiту;
12) ұжымдық пайдаланымдағы ғылыми зертханалар туралы үлгi ереженi бекiту;
13) диссертациялық кеңес туралы үлгi ереженi бекiту;
14) ғылыми дәрежелердi беру тәртiбiн бекiту;
15) ғылыми атақтар (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор) беру тәртiбiн бекiту;
16) философия докторы (РhD), бейiнi бойынша доктор ғылыми дәрежесiн алу үшiн қорғалған диссертацияларды мемлекеттiк тiркеу тәртiбiн бекiту;
17) ұлттық ғылыми кеңестер туралы ереженi әзiрлеу;
18) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтi базалық, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру тәртiбiн әзiрлеу;
19) ғылыми зерттеулердi және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды мемлекеттiк-жеке әрiптестiк негiзiнде ұйымдастыру және жүргiзу тәртiбiн әзiрлеу;
20) ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарлама бойынша бас ұйымды айқындау;
21) өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк ғылыми ұйымдардың басшыларын лауазымға тағайындау және лауазымнан босату;
22) мемлекеттiк бюджеттен қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың және олардың орындалуы жөнiндегi есептердiң мемлекеттiк есепке алынуын ұйымдастыру;
23) мемлекеттiк бюджеттiң қаржыландырылатын, орындалған ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың есептерiн бекiту;
24) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру кiредi.

5-бап. Салалық уәкiлеттi органның құзыретi

Салалық уәкiлеттi органның құзыретiне:
1) ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласында ұсыныстар әзiрлеуге және мемлекеттiк саясатты iске асыруға қатысу, тиiстi салада ғылыми зерттеулер жүргiзу жөнiндегi жұмысты үйлестiру;
2) тиiстi салада iргелi және қолданбалы ғылыми зерттеулердiң басым бағыттарын қалыптастыруға қатысу;
3) мемлекеттiк бюджеттен қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар әзiрлеудi және тиiстi салада олардың iске асырылуын жүзеге асыруды ұйымдастыру;
4) мемлекеттiк бюджеттен қаржыландырылатын, тиiстi салада орындалған ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар жөнiнде есептердi бекiту;
5) уәкiлеттi органға ұлттық ғылыми кеңестердiң құрамына кiргiзу үшiн кандидатуралар жөнiнде ұсыныстар енгiзу;
6) уәкiлеттi органға базалық қаржыландыру субъектiлерiнiң тiзбесiн қалыптастыру жөнiнде ұсыныстар енгiзу;
7) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру кiредi.

3-тарау. ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ СУБЪЕКТIЛЕРI

      6-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет
субъектiлерi

1. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектiлерi болып табылады.
2. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектiлерiн шығармашылық еркiндiкке, жосықсыз бәсекелестiктен қорғауға, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметке қатысуға, оның iшiнде мемлекеттiк бюджеттен және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар конкурстарына қатысуға тең құқыққа кепiлдiк берiледi және олар қамтамасыз етiлдi.
Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектiлерi ұжымдық пайдаланымдағы ғылыми зертханалар көрсететiн қызметтердi уәкiлеттi орган айқындаған тәртiппен пайдалануға құқылы.
3. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және шарттармен сату немесе сатуға ұсыну құқығын қоса алғанда, зияткерлiк меншiк объектiлерiн пайдалану құқығы бар.
4. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектiлерi ұлттық қауiпсiздiкке қатер төндiрмеудi қамтамасыз ететiн ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыруға мiндеттi.

7-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтi
жүзеге асыратын жеке тұлғалар

1. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтi жүзеге асыратын ғылыми ұйымдармен, жоғары оқу орындарымен еңбек қатынастарында тұратын ғылыми, инженерлiк-техникалық және өзге де қызметкерлер, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтi дербес жүзеге асыратын ғалымдар ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлғалар болып табылады.
2. Жеке тұлғалардың ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтi гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру тәртiбiне және конкурс шарттарына сәйкес мемлекеттiк бюджеттен қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар конкурстарына қатысуға құқығы бар.

8-бап. Ғылыми ұйымдар

1. Қызметiнiң негiзгi түрi ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтi жүзеге асыру, оның iшiнде зияткерлiк меншiк объектiлерiне құқықты iске асыру, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды жүргiзу болып табылатын заңды тұлға ғылыми ұйым болып табылады.
Ғылыми ұйымдар жанынан консультативтiк-кеңесшi органдар құрылуы мүмкiн.
2. Мемлекеттiк меншiкке негiзделген ғылыми ұйымдар мемлекеттiк
ғылыми ұйымдар болып табылады.
Дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесiлi ғылыми ұйымдар, сондай-ақ дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғаларға дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу және одан да көп пайызы тiкелей не жанама түрде тиесiлi ғылыми ұйымдар мемлекеттiк ғылыми ұйымдарға теңестiрiлген ғылыми ұйымдар болып табылады. Жанама тиесiлiлiк әрбiр келесi тұлғаға өзге заңды тұлғаның дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу және одан да көп пайызы тиесiлi болатынын бiлдiредi.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет саласында әрекет ететiн өзге де ұлттық және салалық академиялар, қоғамдық бiрлестiктер болып табылатын ғалымдардың шығармашылық одақтары ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық саясатты қалыптастыруға және iске асыруға, ғылымды дамытудың басым бағыттарын әзiрлеуге, iргелi және қолданбалы ғылыми зерттеулердi, ғылыми сыйлықтар алуға ұсынылған жұмыстарды ғылыми-техникалық сараптауға, ғылыми-техникалық салада нормативтiк құқықтық актiлер жобаларын әзiрлеуге, Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшiн ғалымдарды кәсiби жұмылдыруға қатысады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы ғылым жөнiндегi жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындауды және басып шығаруды үйлестiредi.

9-бап. Жоғары оқу орындарының ғылыми қызметi

1. Жоғары оқу орны жүзеге асыратын қызметтiң негiзгi түрi бiлiм берумен қатар: ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызмет, оның iшiнде зияткерлiк меншiк объектiлерiне құқықты iске асыру, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды жүргiзу болып табылады.
2. Жоғары оқу орындарының, сондай-ақ олардың ғылыми қызметкерлерiнiң ұжымдық пайдаланымдағы ғылыми зертханалар көрсететiн қызметтердi пайдалануға, мемлекеттiк бюджеттен және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар конкурстарына қатысуға тең құқығы бар.
3. Жоғары оқу орындары оқу бiлiм беру процесiне ғылымның озық жетiстiктерiн енгiзумен қатар оқыту процесiне ғылыми, ғылыми-зерттеу ұйымдарының ғалымдарын, оның iшiнде шетелдiк ғалымдарды тартуға құқылы.
4. Мемлекеттiк жоғары оқу орындары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен ғылыми зертханаларды, ғылыми-зерттеу институттарын, тәжiрибелiк өндiрiстердi, инновациялық инфрақұрылымның мамандандырылған субъектiлерiн, жобалау-конструкторлық ұйымдарды, сондай-ақ ғылыми-бiлiм беру консорциумдарын құруға құқылы.
5. Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттi органның ұсынысы бойынша жоғары оқу орындарына зерттеу университетi мәртебесiн бере алады.

10-бап. Зерттеу университетi

1. Зерттеу университетi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен университеттi дамыту бағдарламасын iске асыратын әрi iргелi және қолданбалы ғылыми зерттеулердi және өзге де ғылыми-техникалық, тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды ұйымдастыруға және жүргiзуге қатысатын жоғары оқу орны болып табылады.
2. Зерттеу университетiнiң негiзгi мiндетi жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм берудiң барлық деңгейiнде ғылыми қызмет пен бiлiм беру процесiнiң интеграциясы болып табылады.
3. Зерттеу университетi жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм берудiң бiлiм беру бағдарламаларының стандарттарын өз бетiнше әзiрлейдi және iске асырады. Бiлiм беру бағдарламаларын iске асыру шарттарына және меңгеру нәтижелерiне қойылатын талаптар жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм берудiң мемлекеттiк стандарттармен белгiленетiн тиiстi бағдарламаларынан төмен бола алмайды.
4. Зерттеу университетi жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру бағдарламалары бойынша оқуға қабылдау кезiнде бейiндiк бағыттың қосымша талаптарын белгiлеуге құқылы.

11-бап. Ғылым саласындағы өзге де ұйымдар

Қызметiнiң негiзгi түрi ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет болып табылмайтын ұйымдар өздерiнiң құрылтай құжаттарында бекiтiлген мiндеттердi шешу мақсатында өз құрылымында ғылыми бөлiмшелер құруға құқылы.

4-тарау. ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДI ӘЛЕУМЕТТIК ҚАМСЫЗДАНДЫРУ

      12-бап. Ғылыми қызметкерлерге еңбекақы төлеу

1. Ғылыми зерттеулер жүргiзуге арналған мемлекеттiк тапсырысты мемлекеттiк бюджеттен орындайтын мемлекеттiк ғылыми ұйымдардың және мемлекеттiк жоғары оқу орындарының ғылыми қызметкерлерiне еңбекақы төлеу Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен және негiздерде жүргiзiледi.
2. Ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарға арналған мемлекеттiк тапсырманы немесе мемлекеттiк тапсырысты мемлекеттiк бюджеттен орындайтын ғылыми қызметкерлерге ғылыми дәрежесi үшiн ғылым кандидатына, философия докторына (PhD), бейiнi бойынша докторға бiр айлық ең төменгi жалақы және ғылым докторына екi айлық ең төменгi жалақы мөлшерiнде ай сайын қосымша ақы белгiленедi.
3. Ғылыми зерттеулердi Қазақстан Республикасының аумағында аккредиттелген ғылыми ұйымдармен немесе жоғары оқу орындарымен бiрлесiп орындайтын шетелдiк ғалымдарға, сондай-ақ өз қызметiн шетелде жүзеге асыратын қазақстандық ғалымдарға еңбекақы төлеу олардың бiлiктiлiгi ескерiле отырып, шарт негiзiнде жүзеге асырылады.

13-бап. Ғылыми ұйымдар қызметкерлерiнiң демалыстары

1. Мемлекеттiк ғылыми ұйымдардың және мемлекеттiк ғылыми ұйымдарға теңестiрiлген ғылыми ұйымдардың ғылыми қызметкерлерiне өздерiнiң еңбекақы төлеуге арналған қолда бар қаражаты шегiнде сауықтыру үшiн бiр лауазымдық жалақысы мөлшерiнде жәрдемақы төленiп, ғылым докторларына ұзақтығы - күнтiзбелiк елу алты күн, ғылым кандидаттарына, философия докторларына (PhD), бейiнi бойынша докторларға - күнтiзбелiк қырық екi күн, өзге де ғылыми қызметкерлерге - күнтiзбелiк отыз бес күн ақы төленетiн жыл сайынғы еңбек демалысы берiледi.
Ұжымдық шартта белгiленген жағдайларда, мемлекеттiк ғылыми ұйымдарға теңестiрiлген ғылыми ұйымдардың ғылыми қызметкерлерiне өздерiнiң еңбекақы төлеуге арналған қолда бар қаражаты шегiнде сауықтыру үшiн екi лауазымдық жалақысы мөлшерiнде жәрдемақы төленiп, ұзақтығы күнтiзбелiк отыз күн ақы төленетiн жыл сайынғы демалыс берiлуi мүмкiн.
2. Мемлекеттiк ғылыми ұйымдардың ғылыми қызметкерлерiне жетекшi жоғары оқу орындарында, ғылыми орталықтарда және зертханаларда, оның iшiнде шетелде бiлiктiлiгiн арттыру, тағылымдамадан өту мақсатында бiр жылға дейiнгi мерзiмге демалыс берiледi. Бұл ретте, демалыс уақытында бұл адамның жалақысы сақталмай, жұмыс орны мен лауазымы сақталады.
Демалыс берудiң тәртiбi мен шарттары мемлекеттiк ғылыми ұйымдардың iшкi құжаттарында айқындалады.

14-бап. Ғылыми қызметкерлердi әлеуметтiк қорғау шаралары

1. Мемлекеттiк ғылыми ұйымдардың, мемлекеттiк ғылыми ұйымдарға теңестiрiлген ғылыми ұйымдардың, мемлекеттiк жоғары оқу орындарының, дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесiлi жоғары оқу орындарының, сондай-ақ дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғаларға дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу және одан да көп пайызы тiкелей не жанама түрде тиесiлi жоғары оқу орындарының ғылыми қызметкерлерiнiң Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және шарттармен тұрғын үймен қамтамасыз етiлуге құқығы бар.
2. Мемлекеттiк ғылыми ұйымдардың, мемлекеттiк ғылыми ұйымдарға теңестiрiлген ғылыми ұйымдардың, мемлекеттiк жоғары оқу орындарының, дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесiлi жоғары оқу орындарының, сондай-ақ дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғаларға дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға үлестерiнiң) елу және одан да көп пайызы тiкелей не жанама түрде тиесiлi жоғары оқу орындарының тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж ғылыми қызметкерлерiне жеке тұрғын үй құрылысы үшiн жер учаскелерi тегiн берiледi.
3. Мемлекеттiк ғылыми ұйымдардың ғылыми қызметкерлерi және олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерi тиiстi денсаулық сақтау ұйымдарында белгiленген тәртiппен медициналық қызмет көрсетудi пайдаланады.
4. Ғылыми қызметкерлердi зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

15-бап. Ғалымдарды, ғылыми ұйымдардың ғылыми
қызметкерлерiн көтермелеу шаралары

1. Көтермелеу мақсатында ғылым мен техниканы дамытуға үлес қосқан ғалымдар, ғылыми ұйымдардың ғылыми қызметкерлерi:
1) Қазақстан Республикасының Президентi тағайындайтын Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сыйлығын алуға ұсынылуы;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалар туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларына ұсынылуы;
3) үздiк ғылыми зерттеулерi мен жұмыстары, ғылым саласындағы аса зор жетiстiктерi үшiн жыл сайынғы сыйлықтарды алуға ұсынылуы;
4) мемлекеттiк ғылыми стипендияларды алуға ұсынылуы мүмкiн.
Мемлекеттiк Ғылыми стипендиялар:
мемлекет үшiн басым бағыттарда iргелi немесе қолданбалы зерттеулердi жүргiзуге, ғылыми кадрларды даярлауға белсене қатысатын ғалымдар мен ғылыми қызметкерлерге;
ғылыми проблемаларды шешу бойынша зерттеулер жүргiзуге белсене қатысатын және ғылыми қоғамдастық мойындаған, отыз бес жасқа дейiнгi (отыз бес жасты қоса алғанда) талантты жас ғалымдарға да берiлуi мүмкiн.
2. Сыйлықтар мен мемлекеттiк ғылыми стипендиялар берудi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыретi шегiнде уәкiлеттi орган мен салалық уәкiлеттi органдар жүзеге асырады.

16-бап. Ғылыми, ғылыми-техникалық кадрларды даярлау,
қайта даярлау және тағылымдамадан өткiзу

1. Жоғары бiлiктi кадрлары және материалдық-техникалық базасы бар ғылыми ұйымдар, жоғары оқу орындары өздерi үшiн басым бағыттар бойынша ғылыми, ғылыми-техникалық кадрларды даярлауды, қайта даярлауды және тағылымдамадан өткiзудi жүзеге асыруға құқылы.
2. Ғылыми, ғылыми-техникалық кадрларды даярлау, қайта даярлау және тағылымдамадан өткiзу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк бюджеттен ұлттық та және шетелдiк те ғылыми ұйымдары мен жоғары оқу орындарында жүзеге асырылуы мүмкiн.

5-тарау. ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТI БАСҚАРУ

      17-бап. Ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық
қызметтi басқару және оның қағидаттары

1. Стратегиялық, сараптамалық және әкiмшiлiк функциялардың бөлiнуiн сақтай отырып, Қазақстан Республикасында ұлттық ғылыми жүйенi дамыту және оның жұмыс iстеуi мақсатында ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтi басқаруды:
1) Қазақстан Республикасының Үкiметi;
2) Жоғары ғылыми-техникалық комиссия;
3) ұлттық ғылыми кеңестер;
4) уәкiлеттi орган;
5) салалық уәкiлеттi органдар жүзеге асырады.
2. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтi басқару мынадай қағидаттарға негiзделедi:
1) ұлттық экономиканың бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру мақсатында ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтiң басымдылығы;
2) мемлекеттiк қолдауды алу кезiнде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектiлерiнiң ашықтығы, объективтiлiгi және теңдiгi;
3) ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызмет субъектiлерiн мемлекеттiк қолдаудың экономикалық тиiмдiлiгi мен нәтижелiлiгi;
4) iргелi және қолданбалы ғылыми зерттеулердiң басым бағыттарын дамыту;
5) ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларға сараптама жасаудың объективтiлiгi мен тәуелсiздiгi;
6) ғылымның, бiлiм беру мен өндiрiстiң интеграциясы;
7) ғылымның және ғылыми-техникалық қызметтiң басым бағыттары бойынша жоғары бiлiктi кадрлар даярлау;
8) халықаралық ғылыми және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту;
9) преференциялар беру арқылы экономиканың басым секторларында технологияларды коммерцияландыруды ынталандыру;
10) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтi дамытуға қатысуы үшiн оларды көтермелеу және жағдайлар жасау;
11) бiлiм алуды, оны технологияға трансформациялауды және оның экономикаға трансфертiн ынталандыру.

18-бап. Жоғары ғылыми-техникалық комиссия

1. Жоғары ғылыми-техникалық комиссия Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi басқаратын, Қазақстан Республикасының Үкiметi жанындағы алқалы орган болып табылады.
2. Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның қүрамы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мүшелерi, мемлекеттiк органдар басшылары, жетекшi ғалымдар, бiлiмнiң әртүрлi салаларының сарапшылары, ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық даму институттарының, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң және ғылыми қоғамдық бiрлестiктердiң өкiлдерi қатарынан қалыптастырылады және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысымен бекiтiледi.
3. Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның негiзгi мiндетi ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтi дамытуға бағытталған стратегиялық мiндеттер мен басымдықтарды қалыптастыру, ғылым бағыттары бойынша басым iргелi және қолданбалы зерттеулердi айқындау,  ұлттық ғылыми кеңестердiң ұсыныстарын қарау, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтi мемлекеттiк бюджеттен қаржыландыру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу болып табылады.

19-бап. Ұлттық ғылыми кеңестер

1. Ұлттық ғылыми кеңестер ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтi дамытудың бағыттары бойынша алқалы органдар болып табылады.
2. Ұлттық ғылыми кеңестердiң негiзгi мiндеттерi:
1) Жоғары ғылыми-техникалық комиссия айқындаған басымдықтарға сәйкес мамандандырылған ғылыми бағыттарды қалыптастыру;
2) ғылыми зерттеулер жүргiзу үшiн бөлiнетiн қаржыландырудың нысандары мен көлемдерiн айқындау;
3) ұсынылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың ғылыми жаңалығын, ғылыми-техникалық деңгейiн, перспективалығын, әзiрлену дәрежесiн, сұралатын қаржыландыру көлемiнiң экономикалық негiздемелелiгiн бағалау;
4) Қазақстан Республикасының жаңа ғылыми бағыттардағы қажеттiлiктерiн бағалау;
5) мемлекеттiк бюджеттен қаржыландыруға ұсынылатын iргелi және қолданбалы зерттеулер бойынша ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды конкурстық iрiктеудi жүзеге асыру;
6) жүргiзiлетiн ғылыми зерттеулердi iске асыру барысындағы мониторинг жүргiзу, оның iшiнде жүргiзiлетiн жерiне барып мониторинг жүргiзу болып табылады.
3. Ұлттық ғылыми кеңестер Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының мемлекеттiк басымдықтарына сәйкес ғылым бағыттары бойынша құрылады.
4. Ұлттық ғылыми кеңестердiң құрамдарын уәкiлеттi орган салалық уәкiлеттi органдардың, ғылыми ұйымдардың, жоғары оқу орындарының және ғылыми қоғамдық бiрлестiктердiң ұсыныстары мен ұсынымдары бойынша қазақстандық және шетелдiк бiлiктi ғалымдар, мемлекеттiк органдардың, ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық даму институттарының, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң өкiлдерi қатарынан қалыптастырады және Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
5. Ұлттық ғылыми кеңестер:
ғылыми-зерттеу, тәжiрибелiк-конструкторлық және технологиялық жұмыстардың жобалары мен бағдарламаларын;
ғылыми-зерттеу, тәжiрибелiк-конструкторлық және технологиялық жұмыстар бөлiгiндегi басқа да бағдарламаларды;
Қазақстан Республикасы ғылыми мекемелерiнiң, ұйымдары мен кәсiпорындарының қатысуымен iске асырылатын мемлекетаралық ғылыми-техникалық бағдарламалардың жобаларын;
инновациялық жобаларды мемлекеттiк бюджет есебiнен гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру (қаржыландыруды тоқтату) туралы шешiмдер қабылдайды.
6. Ұлттық ғылыми кеңестердiң шешiмдерiн уәкiлеттi орган және салалық уәкiлеттi органдар мiндеттi түрде орындауға тиiс.
7. Ұлттық ғылыми кеңестердiң мүшелерi нақты мәселелердi қарау кезiнде өздерiне мәлiм болған мүдделер қақтығысы туралы кеңестi хабардар етуге мiндеттi және кеңес қабылдайтын шешiмдердiң объективтiлiгi мен негiздiлiгi үшiн жауапты болады.
8. Ұлттық ғылыми кеңестер ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтiң тиiстi бағыттары бойынша орындалатын ғылыми зерттеулер жөнiнде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтiң аралық және қорытынды есептерiн қабылдайды, сондай-ақ өздерi қабылдаған шешiмдердiң орындалу мониторингiн жүргiзудi жүзеге асырады.
9. Нақты жобаға, бағдарламаға (олар бойынша есепке) сараптама, ғылыми жұмыстардың орындалу мониторингiн жүргiзгенi үшiн сыйақыны, сондай-ақ қазақстандық және шетелдiк ғалымдардың iссапар шығыстарын қоса алғанда, ұлттық ғылыми кеңестердiң қызметiн қамтамасыз етудi Мемлекеттiк ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы мемлекеттiк бюджеттен жүргiзедi.

20-бап. Мемлекеттiк ұлттық ғылыми-техникалық сараптама
орталығы

1. Ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламалар сараптамасының әкiмшiлендiру бiрыңғайлығын, тәуелсiздiгiн, ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi Мемлекеттiк ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығын құрады.
2. Мемлекеттiк ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығының құзыретiне:
1) мемлекеттiк бюджеттен қаржыландыруға ұсынылатын ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламаларға мемлекеттiк ғылыми-техникалық сараптама жүргiзу жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру;
2) ұлттық ғылыми кеңестердiң жұмысын ұйымдастыру;
3) мемлекеттiк ғылыми-техникалық сараптама нәтижелерiн Ұлттық ғылыми кеңестерге жiберу;
4) орындалған ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламалардың нәтижелерiн (есептерiн) бағалау;
5) жүргiзiлетiн ғылыми зерттеулердiң, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламалардың нәтижелiлiгiнiң мониторингiн жүзеге асыру;
6) қазақстандық және шетелдiк сарапшылар құрамын сапалы iрiктеудi қамтамасыз ету;
7) мемлекеттiк ғылыми-техникалық сараптаманы әдiстемелiк және ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз ету;
8) ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламалардың деректер банктерiн қалыптастыру;
9) өз қызметiн жетiлдiру бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзу;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қызметтердi жүзеге асыру кiредi.
3. Мемлекеттiк ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығының:
1) мемлекеттiк органдардан, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектiлерiнен функцияларды жүзеге асыруға және өзiне жүктелген мiндеттердi орындауға қажеттi ақпаратты сұратуға және алуға;
2) өзiнiң құзыретiне жатқызылған мәселелер бойынша түсiнiктемелер беруге;
3) ғылыми зерттеулердiң орындалу және аяқталу сатыларында оларға мониторинг жүргiзуге;
4) ғылыми зерттеулерге сараптама жасау және оларға мониторинг жүргiзудi жүзеге асыру үшiн белгiленген тәртiппен өзге де ұйымдарды, қазақстандық және шетелдiк ғалымдарды тартуға;
5) белгiленген тәртiппен шетелдiк ғылыми ұйымдармен өзара iс-қимыл жасауға;
6) ғылыми-техникалық қызмет саласында консультативтiк-кеңесшi органдар құруға;
7) ғылыми және ғылыми-техникалық даму мәселелерi бойынша iс-шаралар өткiзуге;
8) баспа қызметiн жүзеге асыруға құқығы бар.
4. Мемлекеттiк ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығының қызметiн қаржыландыру мемлекеттiк бюджеттен жүргiзiледi.

21-бап. Мемлекеттiк ғылыми-техникалық сараптама

1. Мемлекеттiк ғылыми-техникалық сараптама ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламаларды талдамалық бағалауды дайындау мақсатында сараптама қорытындыларының тәуелсiздiлiгi, объективтiлiгi, бiлiктiлiгi, кешендiлiгi, дәйектiлiгi, толықтығы және негiздiлiгi қағидаттары бойынша жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттiк бюджеттен қаржыландыруға жататын ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламаларға мемлекеттiк ғылыми-техникалық сараптаманы шетелдiк және қазақстандық бiлiктi сарапшылар жүргiзедi.
3. Ғылыми-техникалық сараптама жүргiзуге сарапшыларды тарту үшiн шетел сарапшыларының дерекқоры құрылады, олардың кандидатураларын шетелдiк жетекшi университеттер, ғылыми-зерттеу мекемелерi, ұлттық ғылым академиялары мен ғылыми қоғамдастықтар ұсынады.
Сарапшыларды iрiктеу олардың мамандануына және жобаның ерекшелiктерiне сәйкес жүргiзiледi.
4. Ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламаларды бағалауға тартылған ғалымдар, сарапшылар, оның iшiнде шетелдiктер сараптамаға ұсынылған материалдардың құпиялылығын сақтауға және коммерциялық құпияны сақтауды қамтамасыз етуге мiндеттi.

22-бап. Ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен
бағдарламаларды және ғылыми және (немесе)
ғылыми-техникалық қызмет туралы есептердi
мемлекеттiк есепке алу

1. Iске асырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет туралы есептердi мемлекеттiк есепке алу ғылыми-техникалық ақпараттың ұлттық ресурсын қалыптастыру және Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық әлеуетi серпiнiне мониторинг жүргiзу мақсатында жүзеге асырылады.
2. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектiлерi мемлекеттiк бюджеттен қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды және олардың орындалуы жөнiндегi есептердi мемлекеттiк есепке алуға ұсынуға мiндеттi.
3. Ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет туралы есептердiң мемлекеттiк есепке алуға ұсынылуын бақылауды уәкiлеттi орган мен салалық уәкiлеттi органдар жүзеге асырады.
4. Мемлекеттiк бюджеттен қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың орындалуы жөнiндегi есептер уәкiлеттi орган мен салалық уәкiлеттi органдардың интернет-ресурстарында орналастырылуға тиiс.
5. Ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды және олардың орындалуы жөнiндегi есептердi мемлекеттiк есепке алуды ұйымдастыру және жүргiзу қағидаларын уәкiлеттi орган әзiрлейдi және Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

23-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет
субъектiлерiн аккредиттеу

1. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектiлерiн аккредиттеудi уәкiлеттi орган олардың өз қаражаты есебiнен жүзеге асырады.
2. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлғаларды аккредиттеу оларға қойылатын ең төменгi қажеттi талаптарды белгiлей отырып, хабарландыру сипатында болады.

6-тарау. ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТI ҚАРЖЫЛАНДЫРУ

      24-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтi
қаржыландыру

1. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтi қаржыландыру мемлекеттiк бюджеттен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден жүзеге асырылады.
2. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтi мемлекеттiк бюджеттен қаржыландыру мынадай нысандарда жүзеге асырылады:
1) базалық қаржыландыру;
2) гранттық қаржыландыру;
3) бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру.
3. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектiлерiн қаржыландыру ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтi базалық, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру тәртiбiнде белгiленген ретпен және шарттармен бiр мезгiлде әртүрлi қаржыландыру нысандары бойынша жүзеге асырылуы мүмкiн.
4. Ғылыми, ғылыми-техникалық жобаларды немесе бағдарламаларды iске асыруға арналған шартты ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектiсi уәкiлеттi органмен немесе салалық уәкiлеттi органмен олар iске асырылатын бүкiл мерзiмге, бiрақ үш жылдан аспайтын мерзiмге жасасады.

25-бап. Базалық қаржыландыру

1. Базалық қаржыландыру уәкiлеттi органда аккредиттелген және салалық уәкiлеттi орган айқындаған, олар үшiн басым бағыттар бойынша ғылыми зерттеулер жүргiзуге арналған мемлекеттiк тапсырманы және мемлекеттiк тапсырысты орындайтын мемлекеттiк ғылыми ұйымдарға және мемлекеттiк ғылыми ұйымдарға теңестiрiлген ғылыми ұйымдарға, мемлекеттiк жоғары оқу орындарына, дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесiлi жоғары оқу орындарына, сондай-ақ дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғаларға дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу және одан да көп пайызы тiкелей не жанама түрде тиесiлi жоғары оқу орындарына бөлiнедi.
2. Базалық қаржыландыру ғылыми инфрақұрылымды және мүлiктi, оның iшiнде ғимараттарды, жабдықтар мен материалдарды ағымдағы қамтамасыз етуге, әкiмшiлiк және қызмет көрсету персоналының еңбекақысын төлеуге, сондай-ақ мемлекеттiк ғылыми ұйымдардың, мемлекеттiк ұйымдарға теңестiрiлген ғылыми ұйымдардың, мемлекеттiк жоғары оқу орындарының, дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесiлi жоғары оқу орындарының, сондай-ақ дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғаларға дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу және одан да көп пайызы тiкелей не жанама түрде тиесiлi жоғары оқу орындарының ғылыми-техникалық қызметiн ақпараттық сүйемелдеуге арналған базалық қаржыландыру нормалары бойынша шығыстарды қамтиды.
3. Базалық қаржыландыру субъектiлерi болып табылатын ұйымдар тiзбесiн уәкiлеттi орган салалық уәкiлеттi органдардың ұсыныстары негiзiнде қалыптастырады және Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

26-бап. Гранттық қаржыландыру

1. Гранттық қаржыландыру ғылыми-зерттеу жұмыстарының деңгейiн, ғылыми ұйымдар мен олардың ұжымдарының, сондай-ақ ғалымдардың ғылыми-техникалық әлеуетi мен бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру мақсатында ғылыми зерттеулер жүргiзуге бөлiнедi.
2. Гранттық қаржыландырудың негiзгi бағыттары мен көлемiн ұлттық ғылыми кеңестердiң ұсынымдары негiзiнде Жоғары ғылыми-техникалық комиссия Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудың басым бағыттарына сәйкес бекiтедi және олар белгiленген тәртiппен Республикалық бюджет комиссиясының қарауына жатады.
3. Гранттық қаржыландыруға арналған конкурсқа ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтiң аккредиттелген субъектiлерi және дербес бiлiм беру ұйымдары мен олардың ұйымдары тең шарттармен қатысуға құқылы.
4. Гранттық қаржыландыруға арналған конкурсты уәкiлеттi орган немесе салалық уәкiлеттi орган мерзiмдi баспасөз басылымы арқылы жариялайды және ол конкурс жариялаған уәкiлеттi органның немесе салалық уәкiлеттi органның интернет-ресурстарында орналастырылуға тиiс.
5. Гранттық қаржыландыруға қатысуға өтiнiмдердi ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектiлерi конкурс жариялаған уәкiлеттi органға немесе салалық уәкiлеттi органға бередi.
6. Гранттық қаржыландыру туралы шешiмдердi ұлттық ғылыми кеңес шығарады және конкурс жариялаған уәкiлеттi орган немесе салалық уәкiлеттi орган бекiтедi.
7. Гранттық қаржыландыруды конкурс жариялаған уәкiлеттi орган немесе салалық уәкiлеттi орган не Қазақстан Республикасының Үкiметi ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтi қаржыландыруды жүзеге асыруға уәкiлеттiк берген өзге тұлға (орган) жүзеге асырады.
8. Гранттық қаржыландыруға арналған конкурс нәтижелерi мерзiмдi баспасөз басылымдарында жариялануға және конкурс жариялаған уәкiлеттi органның немесе салалық уәкiлеттi органның интернет-ресурстарында орналастырылуға тиiс.

27-бап. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру

1. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру стратегиялық маңызды мемлекеттiк мiндеттердi шешуге бағытталған және конкурстық негiзде немесе Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша конкурстан тыс рәсiмдер арқылы жүзеге асырылады.
2. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурсқа ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтiң аккредиттелген субъектiлерi, сондай-ақ дербес бiлiм беру ұйымдары мен олардың ұйымдары қатысуға, оның iшiнде қоса атқарушы ретiнде қатысуға құқылы.
3. Нысаналы ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламаны iске асыруға арналған конкурсты уәкiлеттi орган немесе салалық уәкiлеттi орган мерзiмдi баспасөз басылымдарында жариялайды және ол конкурс жариялаған уәкiлеттi органның немесе салалық уәкiлеттi органның интернет-ресурстарында орналастырылуға тиiс.
4. Ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламаларды iске асыруға өтiнiмдердi уәкiлеттi орган немесе салалық уәкiлеттi органдар тиiстi ұлттық ғылыми кеңестiң қарауы үшiн Мемлекеттiк ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығына жолдайды.
5. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға конкурс жариялаған уәкiлеттi орган немесе салалық уәкiлеттi орган ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламаларды iске асыруға өтiнiмдердi ұлттық ғылыми кеңестердiң шешiмдерiмен бiрге Жоғары ғылыми-техникалық комиссияға жолдайды.
6. Жоғары ғылыми-техникалық комиссия мақұлдаған ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламаларға өтiнiмдер белгiленген тәртiппен Республикалық бюджет комиссиясының қарауына жатады.
7. Нысаналы ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламаны iске асыруға арналған конкурс жеңiмпаздары ұлттық ғылыми кеңестердiң шешiмi негiзiнде айқындалады және оларды конкурс жариялаған уәкiлеттi орган немесе салалық уәкiлеттi орган бекiтедi.
8. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруды конкурс жариялаған уәкiлеттi орган немесе салалық уәкiлеттi орган не Қазақстан Республикасының Үкiметi ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтi қаржыландыруды жүзеге асыруға уәкiлеттiк берген өзге де тұлға (орган) жүзеге асырады.
9. Конкурс нәтижелерi бойынша уәкiлеттi орган немесе салалық уәкiлеттi орган ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарлама бойынша бас ұйымды айқындай алады.
10. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсының нәтижелерi мерзiмдi баспасөз басылымдарында жариялануға және конкурс жариялаған уәкiлеттi органның немесе салалық уәкiлеттi органның интернет-ресурстарында орналастырылуға тиiс.

7-тарау. ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУДЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТАЛАНДЫРУ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

      28-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет
нәтижелерiн коммерцияландыру

1. Мемлекет ұлттық ғылыми инновациялық жүйенi дамытуды экономикалық ынталандыруға, ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттiк-жеке әрiптестiктi дамытуға, экономиканың басым секторларында технологияларды коммерцияландыруды қаржыландыруға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен кепiлдiк бередi.
2. Мемлекеттiк ғылыми ұйымдарға, мемлекеттiк жоғары оқу орындарына, оның iшiнде өзге де тұлғалармен бiрлесiп, қызметi ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерiн практикада қолдану (коммерцияландыру) болып табылатын ұйымдар құруға рұқсат етiледi.
3. Мемлекеттiк ғылыми ұйымдар, мемлекеттiк жоғары оқу орындары ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерiн коммерцияландыруды жүзеге асыратын ұйымның жарғылық капиталына салым ретiнде мемлекеттiк органдардың келiсiмiнсiз зияткерлiк меншiк құқығын ғана енгiзе алады.
Мемлекеттiк ғылыми ұйымдар, мемлекеттiк жоғары оқу орындары зияткерлiк меншiкке мүлiктiк құқықтарға билiк етудi уәкiлеттi мемлекеттiк органның - олардың мүлiктерi иесiнiң келiсiмiнсiз жүзеге асырады.
4. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерiн коммерцияландыруды жүзеге асыратын ұйымды құру туралы хабарламаны оның құрылтайшылары мемлекеттiк тiркелген кезден бастап күнтiзбелiк жетi күннен кешiктiрмей, тиiстi салалық уәкiлеттi органға жолдайды.
5. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтiң басқа да субъектiлерi ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерiн коммерцияландыруды жүзеге асыратын ұйымның жарғылық капиталына салым ретiнде зияткерлiк меншiк құқықтарымен қатар өзге мүлiктi де енгiзе алады.
6. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерiн коммерцияландыруды жүзеге асыратын ұйымның жарғылық капиталына салым ретiнде енгiзiлетiн зияткерлiк меншiк құқығын бағалау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
7. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерiн коммерцияландыруды жүзеге асыратын ұйымдардың жарғылық капиталдарындағы акцияларды (қатысу үлестерiн) басқару Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
8. Мемлекеттiк бюджеттен жүзеге асырылатын ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижесiнде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектiлерi алған зияткерлiк меншiк құқығы, егер олар мен зияткердiң меншiк объектiсi авторының (авторларының) арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, ғылыми ұйымдарға тиесiлi.
9. Мемлекет үшiн стратегиялық маңызы бар не мемлекеттiк құпияларға жатқызылған мәлiметтердi қамтитын зияткерлiк меншiк объектiлерiн пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Зияткерлiк меншiк объектiлерiне айрықша құқықтарды шектеуге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жағдайларда, шекте және тәртiппен жол берiледi.

29-бап. Халықаралық ынтымақтастық

1. Халықаралық ынтымақтастық тиiстi халықаралық шарттардың, халықаралық ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың негiзiнде, сондай-ақ қазақстандық және шетелдiк ғылыми және өзге де ұйымдар арасында ғылыми-техникалық ынтымақтастықты орнату мен кеңейтуге жәрдемдесетiн нысанда жүзеге асырылады.
2. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектiлерi халықаралық ғылыми, ғылыми-техникалық ұйымдар мен бiрлестiктерге кiруге, халықаралық ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларға, шет мемлекеттердiң ғылыми, ғылыми-техникалық жобалары мен бағдарламаларына қатысуға құқылы.
3. Қазақстан Республикасының аумағында белгiленген тәртiппен шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдiк заңды тұлғалардың қатысуымен ғылыми ұйымдар мен ғылыми орталықтар құрылуы мүмкiн.
4. Ғылым мен техника саласына салынатын шетелдiк инвестициялар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен және нысандарда жүзеге асырылады.
5. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық нәтижелердiң, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық өнiмдердiң Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге берiлуiн бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырады.

8-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      30-бап. Қазақстан Республикасының ғылым туралы заңнамасын
бұзғаны үшiн жауаптылық

Қазақстан Республикасының ғылым туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

31-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
2. «Ғылым туралы» 2001 жылғы 9 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2001 ж., № 15-16, 226-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 15, 92-құжат; 2007 ж., № 20, 152-құжат) күшi жойылды деп танылсын.

Қазақстан Республикасының
Президентi                                 Н. Назарбаев